Ел дамуы ең алдымен адал еңбекке байланысты. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да сондықтан. Күн сайын қауіп-қатерге қарамай, халықты жарықпен қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдары бар. Солардың бірі - Мәди Серікбекұлы. Оның маңдай тері мен адал еңбегі көпке үлгі.

Мәди Серікбекұлы - тәжірибелі маман. Ол электр желілерінің қауіпсіздігін тексеріп, тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Қарамағында жүздеген кабельдер мен қосалқы станциялар бар. Әрбір тетікті мұқият өлшеп, сынақтан өткізеді.

Мәди Серікбеков, Жоғары кернеулі сынақтармен өлшеулер бойынша инженер:

Мен осы Біріккен энерго сервис компаниясына жұмыс істегеніме 10 жылдан астам уақыт болды. Менің қарамағымда 700 ден астам жоғары кернеулер және кіші кернеулер, қосалқылары 600 ден астам. Атқаратын жұмысымыз сол кабельдерге сынақтар өткіземіз, техникалық өлшеулер, зақымдалған жерлерін табамыз, соған байланысты есептеулер жүргіземіз. Халқымыздың, еліміздің үздіксіз электр қуатымен отыру үшін еңбек етеміз.

Энергетика саласы үшін тиянақтылық пен ұқыптылық басты қағида. Себебі, қателікке жол беруге болмайды. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін тоқтың қуаттылығы жоғарылаған сайын қауіп те еселене түседі. Сондықтан әр істі елеп-екшеп, мұқият жоспарлау кәсіби маманның міндеті.

Мәди Серікбеков, Жоғары кернеулі сынақтармен өлшеулер бойынша инженер:

Біз жылжымалы электр зертханасында тұрмыз. Мұндағы әрбір тетіктің өзіндік орны бар, енді осының жұмыс барысын таныстырып өтіңізші. Иә, Бұл жылжымалы электр зертхана. Біз трансформатор және айырғыштарға, жоғары кернеулі кабельдерге сынақтар жүргіземіз, және техникалық өлшемдер жүргіземіз мұның арқасында. Тоқтала кетсем мынау жоғары кернеуге берілетін стенд, кіші кернеуге берілетін стенд, кабельдер зақымданған кезде осы лаботория арқылы іздейміз.

Он жылдан аса уақыт энергетика саласында қызмет еткен Мәди Серікбекұлының еңбегі әрдайым құрметке лайық. Бұдан бөлек, ол жас мамандарға тәлім беріп, шәкірт тәрбиелеуді де басты міндеті санайды.

Аслан Құрманов, жас маман:

Мен осы ремонтная бригада да 1 жылдай уақыт жұмыс істедім. Сосын осы кабельный службаға ауысқаныма екі аптадай уақыт болды. Осы екі апта ішінде біз бірнеше зерттеулер жүргізіп, сол зерттеулер нәтижесінде саралап қарасақ біз көп нәрсері үйрендік. Бізге осы Мәди ағаның жолын берсін, осы Мәди ағамыз 10 жылдай уақыт жұмыс істепті, одан үйренеріміз әлі көп заттарымыз бар.

Мәди Серікбеков секілді өз ісіне адал мамандар - ел дамуының негізгі қозғаушы күші. Олар тәуекелге толы салада жұмыс істей жүріп, әрбір тетіктің артында мыңдаған отбасының тыныштығы тұрғанын жақсы түсінеді.


БЕКАРЫС СЕКЕН