Облыс орталығында ХХІІІ Халық спорты ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапат төріне шықты. Екі кезеңнен тұратын дүбірлі дода Конституцияның 30 жылдығы мен спорт күніне арналды. Ауқымы артқан бәсекеге биыл 1500-ден астам спортшы қатысқан.

Халық спорты ойындарының бірінші кезеңі Катонқарағай жерінде ұйымдастырылды. Сәйгүліктердің дүбірлі тартысы мен ұлттық спорт түрлерінен кім мықтылар өзара бақ сынасты. Ал 11-16 тамыз аралығында Өскеменде өткен екінші кезеңге футбол, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, шахмат, тоғызқұмалақ, қол күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық және садақ ату сияқты спорт түрлері кірді. Жарыстың қорытындысы тамыздың үшінші демалысында, яғни спорт күнінде Ольга Рыпакова атындағы жеңіл атлетика орталығында өтті. Жеңімпаздарды құттықтау үшін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та арнайы келді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы ауқымды шараға қатысқан баршаңызға сіздерге алғыс білдіре отырып, спортшыларымызға алдағы уақытта спорт жолындағы жарыстарда үлкен сәттілітер, жеңістер мен жарқын жетістіктер тілеймін. Қазақстанның спорты дамып, гүлдене берсін, шығысымыз қарқынды алға жылжи берсін. Барлықтарыңызға рахмет, мереке құтты болсын!

Командалық есепте Өскемен қаласы спортшыларының құрамасы өзгелерден оқ бойы оза шапты. Екінші орынға Тарбағатайлықтар тұрақтаса, үздік үштікке Глубокое ауданының құрамасы ілінді. Бақ пен бап қоса сыналған сайыста облыс орталығының спортшылары ерекше дайындықпен келген.

Диас Ерланұлы, Өскемен қ. Дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімінің басшысы:

Жақсы деңгейде өтті. Спортшылардың бәрі өте тәжірибелі, айта кететін болсақ мықты спортшылардың бәрі ауылдан шыққан. Сол үшін осы жолы жарыс өте тартысты өтті. Өскемен қаласы құрамасы барлық 27 түрден шықты. Меніңше жақсы нәтижемен осы жылы Алла бұйырып бірінші орын алдық.

Ажар Төлеуқанова, дәстүрлі садақ атудан бас төреші:

Мықты-мықты мергендер шығып келе жатыр. Қазіргі таңда Зайсан, Тарбағатай, Глубокое ауданы өте жақсы нәтижен көрсетті. Нәтижесінде командалық есепте бізде 3 орынды Зайсан ауданы алды, 2 орынды Глубокое кенті, 1 орынды Өскемен қаласы иеленді.

Дәстүрлі халық ойындарының келесі сайысы Тарбағай жерінде өтетіні мәлім болды. Салауатты өмір салтына бейім аудандықтар үшін бұл тамаша жаңалыққа айналды, дейді тарбағатайлық спортшылар.

Диана Төлеусабыр, Тарбағатай құрамасының мүшесі:

Ұзақ уақыт күтетін жарыстарымыздың бірі. Дайындық өте жақсы деңгейде болды. Күнделікті жаттығулар мен айналысып, біз осылай жарысқа келдік. Қарсылас командалар барлығы мықты болды, барлығы жақсы дайындалған. Бірақ жеңіс енді бізге бұйырды.

Халық ойындарының біраз үзілістен кейін қайта түлеп, құлаш жайғанына биыл екінші жыл. Жарыстың ұлттық спортты насихаттап, жұрт арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосар үлесі мол.


Дидар Ерболатқызы