Жыл сайын күзгі өнім жинау кезеңі халық арасында кеңінен тойланып, ерекше атап өтіледі. Дәстүрге сай, шығысқазақстандық омарташылар Риддер қаласының маңындағы «Громотуха» демалыс базасында жиналып, көпшілікке өз өнімдерін ұсынды. Өңірдегі ең тәтті, ең сапалы бал ұсынылған мерекеге әріптесім де барып қайтты.
"Елдегі ең тәтті бал қай жерде?" деген сұраққа көбі мүдірместен «Шығыс Қазақстанда» деп жауап береді. Себебі табиғаты тамаша өлкенің балы да құнарлы. Табиғи өнімге әлемнің түкпір-түкпірінен тапсырыс беретіндер көп. Дәстүрлі бал фестивалі өңірде осымен жетінші рет өтуде. Мән-маңыздылығы жоғары бұл мереке ортақ шаңырақты мекендейтін Қазақстандағы барлық ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлерін насихаттау, түрлі ұлт пен этнос арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіледі. Сондықтан да болар, аталған шараға қатысушылар саны жыл санап көбейіп келеді. Биыл мәртебелі қонақтар Республиканың әр өңірінен және Ресейдің Алтай өлкесінен келген. Үздік балдың көрмесіне 16 омарташының өнімдері ұсынылған.
Анна Бердюгина, көрмеге қатысушы:
Біздің ара кәсібімен айналысқанымызға 20 жылдан асты. Жолдасымның отбасы омарташылар династиясының 3-ші ұрпағы. Бүгін шамамен 500 келі бал әкелдік. Балдың дәмі араның жайылу алқабына байланысты. Өңірде өнімнің кең тараған 5 түрі бар. Олар мамырдағы түрлі шөптің тозаңынан жиналған бал, дала және орман балы, қарақұмық балы, атақты Алтай балы.
Мерекелік кешке келген жұртшылықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Славян халықтарының дәстүрлі алма жинау, бал өнімін алу мерекесіне қатысқан өнерпаздар ән-биден шашу шашты.
Жиналғандар бір-бірін мерекемен құттықтап, арқа-жарқа болды. Қала басшылығы шараның басы-қасында болып, ойдағыдай өтуін қадағалады.
Ерболат Ошақбаев, Риддер қаласы әкімінің орынбасары:
Риддерде туристік орталық қалыптастыру үшін, қолөнершілерді қолдау мақсатында бишілерді, шығармашылық ұжымдарды қолдау мақсатында осындай іс-шаралардың барлығы ұйымдастырылып отырады. Бізде биыл Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойы тойланып жатыр. Риддер қаласының достық үйінің 20 жылдық мерейтойы тойланып жатыр. Бүгінгі іс-шарада Риддер қаласының Достық үйі қатысып жатыр.
Ел мен ел, жер мен жерді байланыстырып, ізгілікке бастайтын атаулы мерекеге қатысқан кеш қонақтары жылы лебіздерін білдірді. Жылда өтетін бал фестивалі ел ішіндегі аудан-қалаларды ғана емес, көршілес екі мемлекет арасындағы рухани-мәдени дәстүрді жалғап, мызғымас достықты одан әрі нығайта түсуде.
Жәния Қалиева, Шемонаиха қаласының тұрғыны:
Достығымыз жалғаса берсін. Қанша ұлттар ойнап-күліп, бал мерекесін күшті қарсы алып жатыр. Бәріне денсаулық, Қазақстанымыз көркейіп, жүре берсін! Бала-шағамыз аман, аспанымыз ашық болсын!
Нұрғызайым Құмарханқызы, Өскемен қаласының тұрғыны:
Өскеменнен Риддерге бал мерекесі болып жатыр дегесін группамен келіп қалдық. Балдың түр түрі бар екен. Балдың пайдасын өздеріңіз жақсы білесіздер. Үлкен концерт өтіп жатыр. Таза ауада демалып жатырмыз.
Ұйымдастырушылар өңірдегі омарта шаруашылығын дамыту, бал тұтыну мәдениетін жандандыру және халық денсаулығын нығайту бағытында ұйымдастырылған шараның маңыздылығын атап өтті. Дәстүрлі шара келесі жылы да жалғасын таппақ.
Қымбат Иманғалиева