Глубокое ауданында ветеринария саласының мамандарына жаңа қызметтік көліктер табысталды. Бұл – мал дәрігерлерінің еңбегіне берілген баға ғана емес, бүкіл ауыл шаруашылығы саласына жасалған үлкен қолдау. Жаңа техника ветеринарлардың ел ішінде еркін жүріп, жұмысын уақытылы орындауына мүмкіндік бермек.
Салтанатты жиын барысында ауданға 14 жаңа автокөлік берілді. Әрбірі ауыл жағдайына бейімделіп, қажетті құрал-жабдықтармен толыққан. Ішінде биологиялық сынамаларды сақтауға арналған тоңазытқыштар, термочемодандар, сондай-ақ жедел жағдайда қолданылатын хирургиялық аспаптар бар. Бұл жабдықтар мамандардың уақытын үнемдеп, мал ауруларын дер кезінде анықтап, шұғыл шара қолдануға жағдай жасайды.
Салтанат Құрманғалиева , «Глубокое-ВЕТ» КМК директоры:
Эпизоотиялық ахуал тұрақты болу үшін мән беріп жатыр үкіметіміз. Көктемгі, күзгі жоспардың бәрі уақытында орындалады, орындалып жатыр. Тек қана рахмет айтамыз. Шығыс Қазақстан облысының мал дәрігерлеріне көңіл бөліп, осындай автокөліктер, ақ тұлпар мініп жатырмыз.
Мұндай қолдау аймақта соңғы рет 2013 жылы көрсетілген еді. Содан бері жаңа техника берілмеген. Енді мемлекет тарапынан бөлінген 2 миллиард 300 миллион теңгенің арқасында бүкіл облыс бойынша 113 көлік сатып алынды. Бүгінде Глубокое ауданы бойынша 16 мыңнан астам ірі қара, 14 мыңнан астам ұсақ мал, үш жарым мыңға жуық шошқа және 3 мыңнан аса жылқы бар. Осыншама малдың саулығы мен тазалығы – ветеринарлардың қолында.
Анна Волкова, «Глубокое-ВЕТ» КМК ветеринар дәрігері:
Бүгін біз үшін ерекше күн. Ветеринариялық қызметке жаңа автокөліктер берілді. Себебі, бір дәрігер бірнеше ауылдық округке қызмет көрсетеді, ал шақыртуға уақытылы жету үшін көлік аса қажет. Соңғы рет бізге 2013 жылы «Нива» көліктері берілген еді. Бұл –көптен күткен үлкен қолдау.
Енді мамандар су жаңа тұлпардың арқасында ең алыс ауылдарға да уақыт жоғалтпай жетіп, вакцинация, диагностикалық жұмыстарды дер кезінде жүргізе алады. Қазір облыста 500-ден астам маман еңбек етіп, 110 ветеринарлық мекеме жұмыс істейді. Жаңа техника олардың жұмысына тың серпін беріп, ауылдағы эпизоотиялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік бермек.
Талант Тұрсынов