Облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Түркістан - мыңжылдықтар сәулесі» атты көшпелі көрме ашылды. Бұған «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйытқы болып отыр. Экспозицияда Қожа Ахмет Яссауи еңбектері мен XII - XIX ғасырларға тиесілі сирек жәдігерлер қойылған.
Көшпелі көрмеге Яссауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» сынды еңбектері қойылды. Бұдан бөлек, оның ізбасарларының сирек қолжазбалары ұсынылған. Қала тұрғындары мен қонақтары поэтикалық бейнелермен шебер ұштастырылған бұл туындыларды үш апта бойы тамашалай алады.
Нұрлан Дүкенбаев, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының директоры:
Қазіргі таңда барлық облыс орталықтарында Қожа Ахмет Яссауи біріңғай жәдігерлерінен құралған осындай тақырыпты көрмелер ұйымдастырып келеді. Осы, 2025 жылы Семей қаласында «Абай және Ясауи» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Бүгінгі Өскемен қаласында «Түркістан мыңжылдықтар сәулесі» тақырыбындағы көрмеде осы Түркістан қаласының бай тарихын, қазақ ғана емес түркі халықтарының рухани тірегі болған Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың бай мұрасын насихаттау қазіргі жас ұрпаққа, жалпы қоғамға осы бай мұрамызды насихаттап кеңінен тарату.
Экспозицияның мазмұны екі түрлі «жарық» концепциясына құрылған. Бірі, рухани жарық - Қожа Ахмет Яссауи мен оның шәкірттерінің қолжазбалары, ал екіншісі - заттай жәдігерлер.
Альфия Бақбаева, Облыстық тарихи өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
Біздің руханиятымызды насихаттау мақсатында, экспозицияда өте құнды құран кітаптар бар, қолжазбалар бар. Қожа Ахмет Яссауидан қалған даналық сөздері бар, кітап шежірелері бар.
Данияр Саидвакасов, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының бөлім басшысы:
Яссауидың өзінің тікелей жеткен кітабы жоқ. Оның шәкірттері көшіріп отырып біздің күнге дейін жеткізген. Солардың ішіндегі ең толық 1905 жылы баспасы шыққан Қазаннан, соны алып келдік. Одан басқа Яссауидың ізінен ерген басқа шәкірттерінің еңбектерін алып келдік. Мысалы үшін Шәріптөренің кітабын алып келдік. Бұл кісі де ізінен еруші шәкіртерінің бірі болған.
«Түркістан - мыңжылдықтар сәулесі» көрмесі - ұлт тарихы мен руханиятының сабақтастығын айқындайтын тағылымды шара. Ал, Яссауи ілімі ғасырлар өтсе де мәнін жоймай, жас ұрпаққа бағыт-бағдар беріп келеді. Көрмені тамашалаған әрбір көрермен бабалар аманатына деген құрметін арттырып, өткеннен өнеге алады.
БЕКАРЫС СЕКЕН