Жаңа оқу жылына санаулы уақыт қалды. Өңір әкімдігінде дәл осы тақырып төңірегінде отырыс өтті. Күн тәртібінде – мектептерді оқулықпен қамту, ғимараттарды жөндеу және пән сыныптарын жабдықтау мәселелері қаралды. Сондай-ақ аймаққа инвестиция тарту жайы да талқыланды. Салалық басқарма өкілдері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп беріп, жоспарымен бөлісті.

Жаңа оқу жылына дайындық қарқынды. Өңірде барлығы 347 мектеп бар. Бірінші қыркүйекте 99 мыңнан астам оқушы білім ордасы табалдырығын аттайды. 14 тамыздағы дерек бойынша, 1-сыныпқа 8 664 бала қабылданған. Аймақта мектепке дейінгі білім берудің де көрсеткіші жоғары. Нақты айтқанда, 3–6 жас аралығындағы балалардың 100%-ы балабақшада тәлім алуда. Ал 2–6 жас аралығындағы бүлдіршіндерде бұл көрсеткіш – 99%-дан асады. Биылдың өзінде 242 жаңа орын ашылған. Облыс орталығы мен Зайсан ауданында 182 балаға арналған екі жаңа балабақша іске қосылды. Бұған қоса, қолданыстағы мектепке дейінгі білім беру нысандарында қосымша 60 және жыл соңына дейін тағы 1 200-ден астам оқу орын қосу жоспарда бар. Сондай-ақ, Жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында биыл химия, физика, биология және робототехника бағытындағы 40 пәндік кабинет ашылады. 103 оқу орнында 4,5 мың оқушыны мектепке тасымалдау ұйымдастырылған. Оған 127 мектеп автобусы тартылмақ. Өңірдегі барша білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.

Жанғазы Әліпбаев, Облыстық білім басқармасы басшысының м.а:

Облысымызды реновациялау жобасы бойынша ағымдағы жылы 5 мектепке жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның төртеуі ірі екіжылдық мектептер. Бұл мақсатта 1 млрд 7 миллион қаражат бөлінді. 2025 жылы ШҚО-да 36 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстарын 724 млн теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 27 нысанда жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Қалған нысандар белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз.

«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында жаңа сала мамандарын даярлау бағыты ашылмақ. Атап айтқанда, ұшқышсыз авиациялық жүйелер, әуе тасымалдарын ұйымдастыру, логистика, су көлігін пайдалану және тағы басқа мамандықтар. Аталған білім бағдарламаларына 290 мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді.

Облыста шетелдік әріптестердің серіктестігімен ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бүгінде Ресей, Қытай, Түркия және Германия компаниялары жалпы құны 344 миллиард теңгені құрайтын жеті жоба жүргізуді қолға алған. Негізгі бағыт – өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру және туризмді дамыту.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:

Биыл ресейлік инвестиция есебінен өңірдегі арматура зауыты 5 миллиард теңгеге жаңғыртылады. Сондай-ақ Германиялық компания литийді қайта өңдеу жобасына 255 миллион теңге құйып, үлестің 51%-ын иеленді. Қытай инвесторларымен Өскеменде тұрмыстық қалдықтарды өңдеу зауытын салу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр.

Жиын барысында Нұрымбет Сақтағанов көлік қызметкерлері күніне орай сала үздіктерін марапаттады. Тасымал және логистика саласының майталмандарына «Құрмет ордені» табысталды. Облыстық авиация басқармасының басшысы Қалиқан Байғонұсов Президент Әкімшілігінің алғыс хатына ие болды.


Дидар Ерболатқызы