Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Өңірде бұл бағытта ілкімді істер қолға алынған. Осыған орай «Мансап» орталығының ұйымдастыруымен Өскеменде кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастарға қолдау көрсетіліп, ақпараттық – түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Өңір халқының басын қосқан бұл жәрмеңкенің мақсаты – жұмыссыз жүрген азаматтарға көмек көрсету. Түрлі кәсіп иелері бос жұмыс орындарын қала тұрғындарына ұсынды. Шарада жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің қарасы қалың. Қолына дипломын алған жас мамандар үшін мұндай жәрмеңке таптырмас мүмкіндік.

Ангелина Герасимова, қала тұрғыны:

Өзім Эмиль фабрикасына, мейрамхана ісі, қоғамдық тамақтану орындарына қызығушылық таныттым. Барлық жұмыс берушіге барып үлгердім деп айта алмаймын. Дегенмен, солардың ішінен өзіңе лайықтысын табуға болады. Мен өзім аспаз – кондитермін. Сондықтан нан – тоқаш өнімдеріне қатысты бос орындар іздеп жүрмін.

Жәрмеңкеге 24 жұмыс беруші қатысты. Олар 200 – ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Түрлі мекемелер мен компания өкілдері өздерінің талап – тілектерін айтып, қандай мамандар қажет екенін жеткізді.

Гүлім Ахметова, «Maxi Mall» сауда ойын-сауық орталығының HR-менеджері:

Сауда ойын-сауық орталығы қазан айының басында ашылады. Біз қазір белсенді түрде қызметкерлер іздеудеміз. Бүгін осындай жәрмеңке өтіп жатыр, ұйымдастырушыларға рахмет. Қазірдің өзінде бірнеше жұмыс іздеп жүрген азаматтармен сөйлесіп, түйіндемелерін алып қалдым. Оның ішінде IT маманы да, еден жуушы да бар. Адамдар өздері келіп, телефон нөмірлерін қалдырып жатыр, жұмыс істеуге ниеттілер өте көп. Біздің жұмыс орнының өз артықшылықтары да бар. Басқа компанияларға қарағанда жақсы жалақы ұсынамыз. Тәжірибесі жоқ студенттерді де қарастыруға дайынбыз.

Әсия Пятова, «Востокмашзауыт» АҚ кәсіподақ комитетінің төрайымы:

Қазір біздің кәсіпорында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Зауыт толық жұмыс істей бастаған кезде бізге 400 маман қажет. Біз бұл бағытта жұмысты бастап кеттік. Кәсіпорын жұмысшы мамандықтары бойынша студенттерге арналған экскурсиялар ұйымдастырады. Мектеппен де тығыз жұмыс істеуді бастадық. Енді оқушыларды да шақыратын боламыз. Жастардың аталмыш салаға деген қызығушылықтары жоғары.

Аталмыш шараның жастарға берері мол. Ең бастысы студенттер мен түлектерге көмек көрсетіп, кәсіби өсуіне жағдай жасау дейді, ұйымдастырушылар.

Сымбат Шәріпханұлы, Өскемен қ. «Мансап» орталығы филиалының директоры:

Бұл жәрмеңкенің мақсаты – біріншіден жұмысшы мамандықтар қолдау. Жастардың арасында танымалдылығын арттыру. Сұранысын көбейту деген сияқты мақсаттары бар. Жастар, биылғы түлектер, кәсіптік білім колледждар мен вуздардың түлектері жұмышсы мамандықтарға сәйкес оқу бітіргендер, 4 курс оқып жатқан студенттер қатысып отыр. Жастарға жұмысшы мамандықтарды таныстыру, кәсіпорындармен жеке қарым – қатынас сөйлесу, байланыс орнату т.б ақпараттар білу үшін шақырылып отыр осы жерге.

Жәрмеңке аяқталғаннан кейін қатысушылар үшін «Кенді емес материалдар комбинаты» және «Біріккен теміржол шаруашылығы» ЖШС экскурсия ұйымдастырылды.


ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ