Шығыс Қазақстан – балдың отаны. Тарихы терең кәсіп ғасырлар бойы сақталып, бүгінгі күнге түрлене жеткен. Қазіргі омарташылар жаңа технологияны қолданғанымен, ата кәсіптің негізін сақтап қалған. Өңірдің балы шығыс жұртына ғана емес, алыс-жақын шетелдіктерге де танымал. Омарта шаруашылығы туралы келесі сюжетте.
Өңірде омарта шаруашылығы кеңінен дамыған. Әсіресе шөбі шүйгін Алтай ауданының Феклистовка өлкесінде ата кәсіптен ажырамаған тәжірибелі омарташылар бар. Жайқалған гүлді алқапта бал аралары тынымсыз еңбек етеді. Ауыл азаматы Александр Ткачев жарты ғасырға жуық уақытын сүйікті ісі – омарташылыққа арнап келеді.
Александр Ткачев, омарташы:
Бұнда араның 170 ұясы бар. Әдетте саны 150-170 шамасында болады. Жылына 3-4 рет бал аламыз. Алғашқысы маусым айының басында, өйткені мамырдың ортасынан бастап акация гүлдейді. Жазғытұры жиналған балды таза күйінде алуға тырысамыз.
Бал жинау – қажырлы еңбек пен шыдамдылықты талап етеді. Омартадан жиналған тәтті бал арнайы құрылғылардың көмегімен өңделеді. Бұл сәт – омарташылар үшін ең қуанышты әрі қызықты сәттің бірі. Себебі дәл осы кезде табиғаттың сыйы адам қолына тиіп, шынайы еңбектің нәтижесі көрінеді.
Александр Ткачев, омарташы:
Ара ұясының көздері осылай орналасқан. Орталық күш арқылы бал ытқып шығады. Кейін ыдысқа жиналып, шелектерге құйылады.
Өңірде 2010 жылдан бері балды өңдейтін арнайы цех жұмыс істейді. Мұнда өнім тазартылып, қапталады. Кейін тағамдық және дәрілік заттар жасалады.
Галина Астанина, цех басшысы:
Мұнда алдымен бал сүзгіден өткізіледі. Егер сүзілмесе, ішінде балауыз бен ара қалдықтары қалып қояды. Барлығы балдың ылғалдылығына байланысты. Егер сұйық болса, сүзгісі кіші болады. Сонда артық қоспалардан тазарады.
Шығыс Қазақстан балдың сан түрімен дара өңір. Сондықтан халықаралық көрмелерде облыстың сапалы балы жоғары бағаланып жүр.