Маңғыстау облысының Ақтау қаласында дәстүрлі садақ атудан жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Жарысқа жүзге жуық жас спортшы қатысып, мергендіктерін сынға салды. Олардың арасында Тарбағатай ауданының өрендері ерекше көзге түсіп, топ жарды. 15 метр қашықтықта Ерслан Рахметқазы Әлем чемпионы атанса, Айдана Донағудатова қола жүлдеге ие болды.

Жарысқа әлемнің бірнеше елінен жас спортшылар қатысты. Олар «Қалқан» және «Жамбы» нысаналары бойынша мергендіктерін сынады. Екі күнге созылған дода нәтижесінде шығысқазақстандық жасөспірімдер жеңіс тұғырынан көрінді.

Ерслан Рахметқазы, дәстүрлі садақ атудан Әлем чемпионы:

Әлем чемпионаты деген оңай жарыс емес, қиын. Әр елден келгендер де бар. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан. Осындай дәрежеге жеткізген Тренеріме Ербол ағайға рақмет айтамын. Маған сенген осы қолдап жүрген ата-аналарыма рахмет айтамын.

Айдана Донағудатова, дәстүрлі садақ атудан Әлем чемпионатының қола жүлдегері:

Бапкерім бір жарым жыл қатыстым, сол кезде қолдау беріп, дұрыс тұруды, дұрыс атуды, дұрыс көздеуді үйретті. Ата-анам қолдау көрсетіп, бәр жаққа барған сайын «Сен мықтысың, Сен жеңесің» деп қолдау көрсетті. Тренерім, ата-анам, қолдап отырған кісілердің барлығына рахмет айтамын.

Жас мергендерді додаға дайындаған жаттықтырушы - Ербол Қанафин. Оның шәкірттері әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғады. Бұл жеңіс тек спортшылар үшін ғана емес, бүкіл облыс жұрты үшін үлкен мақтаныш.

Ербол Қанафин, жаттықтырушы:

Бізде енді дайындық басында, алдын ала аптасына екі рет дайындаламыз, одан кейін жарыс таяп қалды дегенде аптасына төрт рет дайындаламыз. Жарыс міне таяды дегенде күнделікті жиі дайындаламыз.

Әлемдік додада ел намысын қорғап, жеңіс тұғырынан көрінген жас спортшылардың жетістігі - ата-аналары үшін де үлкен мәртебе. Олар балаларының жеңісін қуанышпен қарсы алып, көздеріне жас алды.

Бақытгүл Зейнолдина, ата-ана:

Мен өте қуаныштымын баламның осындай жетістіктерге жеткеніне өте қуаныштымын. Әлем чемпионы атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазақстанымыздың туын көкке желбіретіп, көтере берсін, осындай елімізге аты танылған, жастар көбейе берсін.

Тарбағатай ауданынан шыққан жас спортшылардың бұл жеңісі - ауыл жастарының да әлемдік аренада топ жара алатынын айқын дәлелі.


БЕКАРЫС СЕКЕН