Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Казцинк» ЖШС мен аймақтағы бірнеше оқу орны «колледждер одағын» құру туралы меморандумға қол қойды. Келісімшарт тау-кен металлургия саласында білікті мамандар даярлауға бағытталған.
Жаңа бастама аясында өндіріс пен білім беру жүйесін байланыстырып, мамандарды даярлауды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік туады. Меморандум негізінде бірлескен жобалар, тәжірибеден өту мүмкіндіктері мен заманауи оқыту тәсілдері қарастырылған.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры:
Бұл одақтың басты артықшылығы – біз әр колледжбен бөлек емес, барлығымен бірлесе жұмыс істейміз. Ортақ жоспар, ортақ тәжірибелік бағдарламалар болады. Осылайша мамандарды даярлау сапасын жаңа деңгейге шығарамыз. «Казцинктің» жинаған тәжірибесін оқу орындарымен бөлісеміз. Қазіргі жағдайда мамандарға қойылатын талап күн сайын өзгеріп отыр. Біз жастардың заманауи дағдыларды меңгеріп, еңбек нарығында сұранысқа ие болғанын қалаймыз.
Жыл сайын шамамен 500 студент өндірістік тәжірибеден өтеді. Оның ішінде дуальды оқыту жүйесі де бар. Одақтың құрылуы оқу орындары мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жаңа білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеуге, студенттердің кәсіби машығын жетілдіруге және колледж оқытушыларының біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Гүлмира Ысқақова, ШҚО Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің жетекшісі:
Бұл – өте маңызды қадам. Себебі «Казцинк» біздің колледждердің негізгі серіктесі. Бірлескен жобаларымыз көп. Жаңа одақ нақты нәтижелерге жеткізеді деген сенімдеміз. Ортақ оқу бағдарламалары әзірленіп, студенттер кәсіпорындарда тәжірибеден өтеді. Сондай-ақ оқытушылардың кәсіби деңгейін арттыру көзделіп отыр.
Бұл серіктестік түлектерге тұрақты жұмысқа орналасуға, нақты өндірісте тәжірибе жинақтауға жол ашады.
Қымбат Иманғалиева