Өрт сөндіру көлігіне жол бер. Төтеншеліктер осындай тақырыпта рейд ұйымдастырды. Олар қызыл жалынды сөндіретін арнайы техниканың сиренасын қосып, қала көшелерінде жүріп өтті. Нәтижесінде 8 автокөлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды.
Соңғы уақытта дабыл белгілерін қосып келе жатқан шұғыл қызмет көліктерінің жолын кес-кестейтіндер көбейген. Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар баршылық. Алайда айыппұл арқалағанымен, нәтиже шығарғандар қатары тым аз. Осыны ескерген өрт сөндірушілер қала көшелерін арнайы көлікпен аралады.
Дина Бексұлтанова, ШҚО ТЖД ТЖ алдын алу басқармасының бас маманы:
ШҚО ТЖД Өскемен қаласының ТЖБ полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып тұрақты түрде жол қозғалыс ережелерін сақтау бойынша профилактикалық шаралар жүргізілуде. Аталған шаралар жол қозғалыс ережелерін сақтау, арнайы техника өткізбеуді болдырмау мақсатында бағытталған. Өрт сөндіру техниканы өткізуіңізді сұрайды.
Рейд барысында кедергі жасаған көлік жүргізушілерімен түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Батыр Мәкенғали, Өскемен қ. ПБ патрульдік полиция батальонының аға инспекторы:
Құрметті тұрғындар және көлік құралдарының жүргізушілері! Арнаулы қызмет көліктерін, сондай-ақ арнайы жарық және дыбыс сигналдары қосылған көліктерді көрген кезде барынша сақ болып, оларға жол берулеріңізді сұраймыз. Көлік құралдарына жол бермеу – Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Аталған құқық бұзушылықты жасаған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Аталмыш шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Мұндағы мақсат өрт сөндіру көлігін шақыру орнына кедергісіз өту мәселесіне тұрғындарды құлақтандыру, жүргізушілер арасында мәдениетті қалыптастыру.
Гүлдана Айдарқызы