Жаз – еңбек науқанының ең қызған шағы. Дала төсінде күннің аптабына қарамай, техника тізгіндеген шаруалар қыстың қамын жасап жүр. Мал азығын жинау – ауыл тіршілігінің басты шарты, ал оған тыңғылықты дайындық – елдің ертеңгі берекесінің кепілі.
Биылғы маусымда аудан еңбеккерлері қуаңшылыққа қарамастан, су арналары мен каналдарды тазалап, алқаптарға дер кезінде ылғал жеткізді. Соның нәтижесінде көпжылдық шөп бітік шығып, бүгінгі таңда мол өнім беруде. Шаруашылық иелері мен жұмысшылар күн-түн демей еңбектеніп, әр гектардан сапалы өнім жинауға күш салып жатыр. Сарыала дала төсін дүбірлеткен трактор мен шабындықты дүңкілдеткен техниканың үні – жазғы еңбектің айғағы. Бұл шаруашылық көп жылдан бері егіншілікпен қатар мал азығын дайындап келеді. Дала төсінде жайқалған жасыл егін орақ науқанының сәнін келтіріп, шаруаларға мол өнім сыйлап отыр.
Данияр Оразиманов, «Оразиман» шаруа қожалығының басшысы:
25 жылдай айналысып жүрмін осы шарушылықпен. Осы шаруашылықтың енді негізгі бағыты: біраз малымыз бар, малға осы міне жем-шөпті дайындаймыз. Одан кейін, бидай, арпа егеміз. Қазір соған құрал-саймандар алып жатырмын. Өз малымызға ұстаймыз, одан кейін, басқа шаруашылықтарға қажет болса бағасына келісіп, сатып жатырмыз.
Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 80 пайызы орындалған. Жиылған шөптің дені – шаруашылықтың өз малына арналса, артығы өзге қожалықтарға қолжетімді бағамен сатылады. Бұған қоса, мұнда жем дайындайтын шағын цех та жұмыс істеп тұр. Бидай, арпа сияқты дәнді дақылдар өңделіп, құрама жем әзірленеді. Бұл мал шаруашылығын дамытуға елеулі көмек. Алқаптың жалпы көлемі – 30 гектар. Соның 23 гектарына көпжылдық шөп егілген. Жиналатын өнім көлемі 8 мың центнерден асады деген есеп бар. Бұл – мыңдаған бас малдың қыстан аман шығуына жеткілікті көлем. Келесі жылы егістік көлемін тағы да арттыру жоспарланып отыр.
Саят Мәденов, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Негізінен аудан бойынша біз тиісті қысқа дайындық жұмыстары жүргізіліп, көптеген шаруа қожалықтары өзі жем қорын аяқтап қалды, дайындап. Негізінен, біз 80 пайыздай дайынбыз.
Еңбек адамдарының маңдай терімен келген әр бау шөп – елдің берекесі. Жердің ырысын қадірлеген шаруа қауымы «Жаздың бір күні – қыстың қырық күніне азық» деген қағиданы берік ұстанып келеді. Биылғы маусымның қорытындысы да соның айғағы болмақ.
Талант Тұрсынов