Облыс орталығында 350-ге жуық жеделсатының қолдану мерзімі өтіп кеткен. Қала билігі бұл мәселе бойынша көпқабатты үйдегі лифттерді жаңарту және жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Бұл қадам тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған. Жұмыстар арнайы мамандардың қатысуымен кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.
Қаладағы бұл үйлер шамамен 40 жыл бұрын салынған. Бүгінгі таңда лифттердің қолдану мерзімі өтіп кеткен. Алдағы жөндеу және жаңарту жобалары іске қосылғаннан кейін, лифттер сенімді әрі қауіпсіз жұмыс істейтін болады. Қазіргі ескі қондырғылардың дірілі уақытша қиындық тудырса да, жауапты мамандар тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін басты назарда ұстауда.
Азат Ахмадиев, қала тұрғыны:
Мұнда жеделсаты өте қорқынышты. Өйткені дірілдеп тұрады шыққанда. Немерелерім осында қалып қоя ма деп қорқам. Кезінде кішкентай немерем қалып та қойған оның ішінде. Әйтеу құдай сақтап, шақыртып алып, шығарып алғанбыз.
Қала билігі 2018-2019 жылдары жүздеген жеделсатыны жөндеуге қаражат бөлген. Қазір арнайы мамандандырылған ұйым арқылы жұмыстарды ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Назгүл Жақыпбекова, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:
Бюджеттен заңды түрде қаржыландыру жұмыстары қарастырылып жатыр. Ол бір ғана бөлімнен қарастырылмайды. Онда экономика бөлімі, қаржы бөлімі бар. Оның заңдылығы бар. Ертеңгі жұмысты жасау туралы жұмыстар атқарылып жатыр.
Жалпы жеделсатылардың қолдану мерзімі 25 жылға есептелген. Алайда қаладағы 740 лифтінің кейбірі 40 жылдан астам уақыт пайдаланылған. Солардың ішінде 30-ы жедел жөндеуді немесе жаңасына ауыстыруды қажет етеді. Дегенмен, мамандар алдағы уақытта барлық қажеттілікті қамтамасыз етіп, лифттерді сенімді әрі қауіпсіз күйге келтіруді жоспарлап отыр.
Бекарыс Секен