Өңірде туризм қарқынды дамып келеді. Сәйкесінше тауға шығатындар саны да жылдан жылға артуда. Алайда қауіпсіздік талаптарын елемейтіндер саяхат барысында түрлі қиындықтарға тап болып, құтқарушылардың көмегіне жүгінуге мәжбүр болады. Мәселен, биылдың өзінде таулы аймақтарда үш рет құтқару операциясы жүргізілген: оның екеуі – Катонқарағайда, біреуі – Риддерде.

Тауға шығу – әдемі көрініс пен әсерлі демалыс қана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік пен қауіп-қатерге толы саяхат. Мамандардың айтуынша, тау табиғатын алдын ала болжау мүмкін емес. Күннің көзі күліп тұрғанымен, әп-сәтте бұлт үйіріліп, дауыл тұруы мүмкін. Бір мезетте қалың тұман түсіп, көріністі тұмшалап, жолды бұлыңғыр етеді. Ал тасты соқпақ пен тайғақ жерлер кез келген қателікті кешірмейді. Ең үлкен қауіп – табиғаттан емес, адамның өзінен туады. Өзін тым сенімді санап, дайындықсыз жолға шығу – қайғылы жағдайға жетелейтін негізгі себептердің бірі. Тауға шыққанда әрбір ұсақ-түйек маңызды. Кейде қарапайым ғана қол шамы, жылы киім мен қосымша азық өміріңізді сақтап қалуы мүмкін.

Алексей Асылбаев, туризм нұсқаушысы:

Тауда қауіпті жағдайға тап болудың себептері көп: температураның күрт ауысуы, қатты жел, нөсер, найзағай, қарлы боран, көшкін немесе топырақтың опырылып кетуі. Тауға шығар алдында аз да болса тәжірибеңіз болуы керек. Маршрутты алдын ала зерттеп, ол жерде болған адамдармен немесе мамандармен ақылдасқан дұрыс. Міндетті түрде дәрі-дәрмек, таңғыш, ыстық сусын, шағын термос ала жүру қажет.

Құтқарушылардың тәжірибесінде түрлі жағдайлар кездеседі. Кейде жаңадан келгендер ғана емес, тәжірибелі саяхатшылар да қиындыққа тап болады. Әсіресе қараңғы түскенде жолдан адасып кету қаупі бірнеше есе артады. Мұндай жағдайда ең бастысы – сабыр сақтау, дейді мамандар. Үрейге бой алдырсаңыз, күтпеген салдарға әкелуі ықтимал: абайсызда жардан құлап жарақат алуыңыз мүмкін. Құтқарушылар бірден 112 нөміріне хабарласып, нақты ақпарат беруге кеңес береді. Ал байланыс болмаса, белгі беру тәсілдерін пайдалану керек: түнде от жағу, күндіз ашық түсті киімді жоғары жерге ілу.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

ШҚО ТЖД тұрғындар мен қонақтарға дайындықсыз тауға шықпауды ескертеді. Тауға саяхат жасасаңыз жүрер бағытыңызды нақтылап алғаныңыз дұрыс. Сөмкеңізде міндетті түрде қол шамы, дәрі қобдишасы, жылы киім, азық-түлік пен су болсын. Телефоныңыздың қуатын толтырып, қосымша қуаттағыш заттарды ала жүргеніңіз абзал.

Мұндай дайындықтың өзі қауіпсіздіктің кепілі емес. Тауда әр сәт тосын жағдайға толы. Кейде жедел көмек көрсетуге тура келеді, сол кезде жылдам шешім қабылдай білу адам тағдырына араша болуы мүмкін.

Алексей Асылбаев, туризм нұсқаушысы:

Бірде тәжірибелі спортшылардан құралған топ қиын жағдайға тап болды. Тауға көтеріліп келе жатқанда тас құлап, бір қатысушы аяғынан жарақат алды. Құтқарушылар келгенше бірнеше күн бойы біз оған алғашқы көмек көрсетіп, ас-сусыз, ұйқысыз әрекет етуге мәжбүр болдық. Жағдайды жеңілдету үшін барымызды салдық.

Таудағы әсерлі сапар әп-сәтте өмір үшін күреске айналады. Сондықтан қарапайым, бірақ өмірлік маңызды ережелерді ұмытпау қажет. Мамандар саяхатқа шығарда мұқият дайындалып, аса қырағы болуды ескертті.


Қымбат Иманғалиева