«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында арна тілшілері көпшілік көзіне түсе бермейтін, бірақ онсыз бірде-бір шаруашылықтың, мекеменің немесе кәсіпорынның толыққанды жұмысы жүрмейтін жандар туралы айтып келеміз. Бүгінгі кейіпкеріміз – адамға дос әрі ер қанаты саналатын жануар – жылқыны баптаушы, атбегі жайында сюжеттен көрелік.
Шабандоздар жарқырап өнер көрсетіп, сәйгүліктер додаға шыққан сәтте жылқының бабын тауып, арғымақтарды күтіп жүрген жандар тасада қалып жатады. Валерий Фролов – атбегі. Бұл салада 15 жылдан астам еңбек етіп келеді. Қай аттың көңіл-күйі көтеріңкі, қайсысы мазасыз екенін ол беске біледі. Ат күтуші – тек жем-шөбін беретін адам емес, ол – жылқының досы әрі сенімді серігі. Күнделікті атқораны тазалап, аттарды баптап, жал-құйрығын тарайды. Бұдан бөлек, сәйгүліктерді жаттығуға, аламан бәйгелерге дайындайды.
Валерий Фролов, атбегі:
Таңертең ерте келеміз де, ең алдымен қораны ретке келтіреміз. Жылқының жалын, құйрығын арнаулы щеткамен тазалап, тараймыз. Содан кейін шаң-тозаң қалмасын деп сүртеміз. Кейін манежге шығарамыз. Жалпы осы жұмыстардың барлығы өзіме ұнайды. Жылқымен сөйлескеннің өзі бөлек бір сезім. Барлығы бірдей емес, әрқайсысының мінезі әртүрлі. Бірі – үркек, бірі – байсалды. Әр атқа өзіне лайықты тәсіл керек.
Жылқы – болмысынан сезімтал жануар. Ол тек күтімді ғана емес, адамның адалдығын да талап етеді. Тек сонда ғана арғымақ пен адам арасында сенім қалыптасады.
Екатерина Метай, «Ақ Тай» мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қоры» ҚБ басшысы:
Ат күтуші – күн сайын әрбір жылқының денсаулығын бақылайды. Жақсы күтушіні табу – үлкен олжа. Біз осы тұрғыдан жолымыз болды. Валерий – өте мұқият әрі жауапты азамат. Барлығына байыппен қарайды. Сондықтан оған сенім артуға болады.
Ұзақ жылдық тәжірибесінің арқасында атбегі қимыл-қозғалысынан–ақ жылқының жағдайын жақсы түсінеді.
Валерий Фролов, атбегі:
Мен «Гром» атты да, «Калибр» атты да жылқыларды өзім баптаймын. Жайылымға жіберсек, уайымдап отырамын. Тіпті, кейде жауын-шашын басталып кетсе, паналап үлгерді ме екен деген ой келеді.
Атбегілік – тек төзімділікті ғана емес, мейірімділікті де талап етеді. Бұл – жай адамдардың қолынан келе бермейтін сала.
Фатима Тілейханқызы