Өңірде жаңа оқу жылының қарсаңында «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен «Баланы мектепке дайындайық» акциясы өтіп жатыр. Игі бастаманың мақсаты - әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға қолдау көрсетіп, балалардың мектепке толық дайын болуына мүмкіндік жасау. Қазіргі таңда облыс бойынша 800-ден астам оқушы мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын алды.
«AMANAT» партиясының «Бақытты отбасы» жобасы аясында өтіп жатқан акция биыл аймақтағы 1500-ден астам баланы қамтуды көздеп отыр. Қазіргі таңда көптеген оқушы оқу құралдарымен толықтырылған жаңа сөмкелерге де ие болған. Әр жиынтықта дәптерлер, қаламдар, пенал және қажетті кеңсе тауарлары бар.
Аманбай Нұркенов, «AMANAT» партиясы ШҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:
Бүгінгі күні бізде облыс бойынша 800 ден астам бала рюзактар тапсырылды. Бұл біздің бүкіл облыс бойынша барлық аудандар мен қалаларда «Аманат» партиясының филалдарында өтіп жатыр.
Игі іске облыстық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер және ірі кәсіпорындар да мұрындық болды.
Дмитрий Сомов, Облыстық мәслихат депутаты:
Жаңа оқу жылы - әрбір оқушы үшін қуанышты сәт. Біздің басты мақсатымыз - сол қуанышқа үлес қосып, балаларға қолдау көрсету. Бұл акцияға депутаттар, кәсіпкерлер мен меценаттар белсенді араласып, көптеген отбасына нақты көмегін тигізіп жатыр. Мұндай шаралар қоғамда мейірімділік пен қамқорлықты күшейтеді деп ойлаймын.
«Баланы мектепке дайындайық» акциясы ата-аналардың жүгін жеңілдетіп, балалардың қуанышын еселей түсуде. Бұл бастама қоғамдағы әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі болып отыр.
Елена Авдеенко, қала тұрғыны:
Мен «Аманат» партиясына балаларға осындай сыйлықтар жасағаны үшін алғыс айтамын. Қазіргі кезде бұл ата-аналарға үлкен көмек. Барлығы бірден барлық қажеттілікті сатып ала алмайды. Бұл көпбалалы отбасылар үшін де үлкен қолдау.
Жаңа оқу жылы - әр бала үшін қуаныш пен үлкен үміттің бастауы. «AMANAT» партиясы осы қуанышқа ортақтасып, балалардың мектепке толық дайын болуына үлес қосып отыр. Бұл акция тамыз айының соңына дейін жалғасады.
БЕКАРЫС СЕКЕН