Марқакөл ауданында ауқымды шара өтті. Қайтадан құрылған аудан бір жылда жүзеге асырылған жобалармен атқарылып жатқан жұмыстар барысын қорытындылады. Бұл шара «Marqa Fest» мәдени-туристік фестивалі аясында өтті. Жергілікті тұрғындар мен қонақтар бұдан бөлек ауданның мәдениетінен сыр шертетін, өткен тарих беттерін парақтайтын «Марқакөл маржандары» форумына қатысты. Бұл күні ветеринария қызметкерлеріне жаңа автокөлік кілттері де табыс етілді.
Мерекелік шара барысында аудандық ветеринария мамандарына қызметтік автокөліктің кілттері табысталды. Ол көліктер заман талабына сай жарақтанған. Жұмыс барысына қажеттінің бәрі бар. Бұл жұмысты жеңілдетіп, аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдарға баруға және ауруды дер кезінде анықтап, қажет жағдайда жедел әрекет етуге септігін тигізеді.
Қайрат Ибраев, ШҚО Ветеринария басқармасы «Күршім-Вет» ШЖҚ КМК директоры:
Бес округ жұмыс атқарады бұл жерде. Сол кілттерін табыс етіп жатырмыз. Бұл автокөліктер эпизоотиялық тұрақтылықты қалыптастыруға өте көп себебін тигізеді деп ойлаймыз. Халыққа қызмет ету біздің басты міндетіміз. Ауруларды болдырмау. Болған жағдайда уақытында тоқтату болып табылады.
Құмарбек Қасенов, ветеринария қызметінің ардагері:
Ветеринария саласына жаңа көліктер әкеп жатыр. Біз енді атпен осы шаруаның бәрін атқарғанбыз. Қәзір сол жедел жастардың астына бір-бір көлік әкеп табыс еткелі отырмыз. Үлкен қуаныштамыз. Осы Марқакөліміз жайнай берсін. Осы ветеринария саласының мамандары әсіресе жұқпалы аурулардан сақтап, дер уақытында екпе шараларын істеп, сол үшін осы көлікті берді.
Ауданда ұйымдастырылған шара аясында «Марқакөл маржандары» форумы өтті. Оған ғалымдар, ұстаздар, ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері қатысып, өз ойларын ортаға салды. Құнды деректермен бөлісті. Басты мақсат - рухани құндылықтарды сақтап, мәдени мұраны ұлықтау.
Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:
Мен ойлаймын осы марқакөлді болашағы өте үлкен. Үлкен үлкен проектілеріміз бар. Мына біздің туризм саласы бойынша, өндіріс саласы бойынша да, ауыл шаруашылығы бойынша да өздеріңіз көріп жатырсыздар. Аудан келгеннен кейін леп бар. Мемлекеттің қолдауы бар.
Мұндай шаралардың берері мол. Әсіресе, Марқакөлдің бай мұрасын сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізу маңызды.
Салтанат Кеңесбекқызы