Өскеменде халықаралық «Mongol Rally» сайысының финалдық кезеңі өтті. Жаһандық додаға әлемнің 20-дан астам елінен 108 команда тіркеліп, 300 автошабандоз қатысқан. Жүргізушілер қиын әрі ұзақ жолды еңсеріп, ақтық сынды мерекелік шерумен аяқтады. Қазақ жеріне автоэкспедицияның 80 командасы ғана жеткен.

Бұл марафон 13-шілдеде Чехия астанасы – Прагадан басталған. Қатысушылар бір жарым ай ішінде Австрия, Венгрия, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Орталық Азияның бірнеше елдерін кесіп өтіп Қазақстанға келді. Бір қызығы, мұнда кәсіби спорттық көліктер емес, қарапайым шағын машиналар жарыс жолына шыққан. Қатысушыларға бар болғаны екі талап қойылады: көлік көлемі шағын және ескі болуы тиіс. Бағыт біреу болғанымен, жету жолын әркім өзі таңдайды.

Макс Бриман, «Mongol Rally» қатысушысы (Нидерланд):

Біздің көлік – 1998 жылғы. Біз оған қанатша, қосымша шам, ағаш әшекей және түрлі стикерлер орнаттық. Бұл саяхат түрлі эмоцияға толы болды. Қазақстан ерекше әсер қалдырды – табиғаты әсем, жолдары жақсы, халқы өте мейірімді. Маған ас мәзірі қатты ұнады.

Қатысушылардың ішінде Нидерланд, АҚШ, Ұлыбритания, Канада, тіпті Австралиядан келгендер бар. Жолда кейбіреуінің көлігі бірнеше рет бұзылып, дөңгелектері майысып, салқындатқыштары істен шыққан. Бірақ, саяхатшылар үшін дәл осы қиындықтар – жеңістің дәмін екі есе тәтті етті. Жарыста ерлермен бірдей үзеңгілес болған нәзік жандылар да табылды.

Морей Мэдисон, «Mongol Rally» қатысушысы (АҚШ):

АҚШ-тың Аризона штаты, Тусон қаласынанмын. Мамандығым – балабақша тәрбиешісі. Маған жұмыстан аздап үзіліс қажет болды, сондықтан осы сапарға шықтым. Қазақстанға алғаш келуім, ал бұл менің саяхатымдағы 32-ші ел. Әсіресе Астана қатты әсер қалдырды – адамдардың бәрі өте жылы қабылдады. Жолда көлігіміз бірнеше рет бұзылып қалды, бірақ әр жолы қазақстандықтар көмектесті. Мысалы, бір эвакуатор жүргізушісі бізді үш сағаттай алыстағы қалаға тегін жеткізді. Ақырында ешқандай ақы сұрамады, тек қонақүйге аман жеткенімізді білу үшін телефон нөмірімді алды. Осындай мейірімділікке толы сәттер көп болды. Қазақстан жүрегімде мәңгі қалады, Астанаға міндетті түрде қайта ораламын.

Автошабандоздарды қала тұрғындары ерекше ықыласпен қарсы алды.

Ақерке Сейітханова, қала тұрғыны:

Керемет өтіп жатыр, маған қатты ұнады. Қызықты, қаншама машиналар, өзге адамдармен араласып, қонақжайлылығымызды көрсетіп жатырмыз. Шетелдіктер ашық-жарқын адамдар екен.

Айтулы шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысып, ралли ұйымдастырушыларына естелік сыйлық табыс етті. Еліміздің туристік әлеуетін арттыруда мұндай жарыстың рөлі зор, деді облыс әкімі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Тарихы мол, табиғаты ғажайып Өскемен қаласында сіздерді қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Сіздердің жолдарыңыз жаңа шыңдардың, қиындықтарды еңсерудің, беймәлім бағыттардың айқын үлгісі. Сіздер төзімділік пен шыдамдылықтың, шеберлік пен табандылықтың жоғары деңгейін көрсеттіңіздер.Мәреге жету тек спорттық жетістіка қана емес, сонымен бірге халықтар арасындағы достықтың, ашықтықтың және өзара құрметтің үлкен белгісі.

Облыс орталығында «Mongol Rally» автоэкспедициясы осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылды. Мақсат - шығыстың тұмса табиғатына шет елдіктердің қызығушылығын тудырып, келушілердің санын арттыру.

Талғат Дәулетов, Облыстық туристік ақпарат орталығы басшысының орынбасары:

Былтыр да осы жерде өткен. Бірақ команда саны аз болған. Былтыр 20 команда болған. Пандемиядан соң жаңадан бастадық. Биыл 100-ден аса команда қатысты. Келесі жылы да осы жерде ұйымдастырамыз деген ой бар.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қатысушылар Қазақстанды жаңа қырынан танып, жергілікті халықтың қонақжайлылығына тәнті болды. Шарада жиналған қаражаттың бір бөлігі қайырымдылыққа жұмсалады.


Қымбат Иманғалиева