Тамыз айының соңғы жексенбісінде елде кеншілер күні аталып өтеді. Биыл Глубокое ауданы, Алтай кентіндегі атаулы мереке ерекше тойланды. Бұл – ерлік пен рухтың беріктігін бейнелейтін мамандық иелеріне арналған мереке. Жергілікті жұрт үшін Ертіс кенішінің орны бөлек. Салтанатты шараға әріптестерім де барып қайтты.
Кеншілер күніне орай «KAZ Minerals» компаниясы ауыл тұрғындарына ауқымды мерекелік кеш сыйлады. Мәдениет үйі алаңына жұртшылық отбасымен жиналды. Балаларға арнап ойындар, түрлі сайыстар, спорттық эстафеталар ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер мәз-мейрам болып, үлкендер достарымен әңгімелесіп, сауық салды. Алаңда сауда қызып, кәуаптың иісі тәбетті ашып, мерекенің ажарын келтірді.
Алмас Өмірбеков, Алтай кентінің мәдениет үйі директоры:
Бұл дегенде қиында күрделі жұмыс. Қиыншылығына қарамай отбасы үшін және де баланыңжәне де жарының болашақ мақсаттар армандары үшін өзінің бастарын қауіпке тігіп, осындай керемет жұмыстарды игеріп жатқан барша қызметкерлерді шын жүректен құттықтаймын. Жұмыстарына жеміс, еңбектеріне табыс. Болашақта осындай Қазақстанның белді-белді азаматтарының бірі, ұлы тұлғаларының бір болуға тілектеспін.
Еркін Жайсанбаев, Глубокое ауданының тұрғыны:
Бәрі өте жақсы ұйымдастырылған, бәріне ризамыз. Барша кеншілерге амандық тілеймін. Өзім екі жыл бұрын шахтадан зейнетке шықтым. Кеннің түрлі салаларында өзімді сынап көрдім.
Ертіс кеніші – талай жанұяны жұмыспен қамтып, ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқан орталық. Алтайда әулетімен кенде жұмыс істейтін жандар да жеткілікті. Сондықтан бұл мереке – күнтізбедегі жәй күн емес, бүкіл ауылды біріктіретін, аймаққа сіңірген еңбекті бағалайтын айтулы шара.
Роман Хан, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кенішінің директоры:
Сіздер Алтай кентіндесіздер. Мұнда Ертіс жер асты кеніші орналасқан. Мұнда шамамен 700 адам еңбек етеді. Қызметкерлер көрші ауылдардан да келіп жұмыс істейді. Бүгін – үлкен мереке, халықтық думан.
Сахнаға төріне салтанатты кештің себепшілері – ерен еңбектің иелері кеншілер көтерілді. Олардың әрқайсысы өңір экономикасына өз үлесін қосып жүр. Үздіктер «Кенші даңқы» төсбелгісі, «Еңбек озаты» орденіне, алғыс хаттар мен марапаттарға ие болды.
Аслан Жұмаділов, «Востокцветмет» ЖШС Ертіс кенішінің қызметкері:
Шахтада 20 жыл еңбек еттім. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, әр отбасыға амандық, шаттық тілеймін. Ең бастысы – шахтаға аман түсіп, отбасына аман оралсын. Ұзақ ғұмыр тілеймін!
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен жалғасты. Көрермендер би билеп, өнерпаздарға қосыла ән шырқады. Кештің кереметі – әсем отшашу болды.
Дидар Ерболатқызы