Өскеменде өткен тамыз конференциясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысы талқыланды. Елде Мемлекет басшысының бастамасымен басталған бұл жоба белсенді түрде жүргізілуде. Басты мақсат – еліміздің барлық өңіріндегі балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау. Жоба аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланды. Оның бүгінде 122-сі пайдалануға беріліп, 200 мыңнан астам бала жаңа білім ордасына қадам басты.
Мектептердің 40 пайыздан астамы ауылдық жерлерде бой көтерген. Қай өңірде болмасын, шалғай ауыл ма, не ірі қала ма – барлығы бірыңғай жоғары стандарт бойынша салынады. Дәстүрлі тамыз конференциясында да осы бастамаға ерекше мән берілді. Өңірде жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» үлгісі кеңінен енгізілмек.
Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:
Келешек мектептері – бұл еліміздің білім саласының флагмені. Осы мектептердің базасында жаңадан заманауи білім бағдарламалары енгізіліп, әрі қарай өңірдің басқа мектептеріне таратылатын болады. Сол мақсатта келешек мектептердің барлығы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының басқаруына өтеді. Бұл басқару әдістемлік қамтамасыз етумен жалғасатын болады.
Жаңа мектептер – балалардың жан-жақты дамуына арналған орта. Ғимараттар бұрынғы стандарттарға қарағанда 15–20 пайызға кең, техникалық жабдықталуы төрт есе артық. Бастауыш пен жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар қарастырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бұл жоба қала мектептеріне де енгізілуде. Өскемендегі №40 мектеп жаңа үлгі бойынша жұмыс істей бастады. Мұнда оқушыларға тек сапалы білім беріліп қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына, сыни ойлау қабілетін қалыптастыруға және цифрлық технологияларды игеруіне басымдық беріледі.
Әсем Чамакаева, Өскемен қ. № 40 жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:
Бүгінгі таңда біздің мектебіміз маңызды кезеңнен өтті. Лицензия алынды, оқушылар контигенті қалыптастырылды, педагогикалық құрамды іріктеу ҚР нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүргізілуде. Бұл –сапалы білім берудің жаңа моделін іске асырудағы алғашқы сенімді қадамдарымыз. Келешек мектебі – оқушыны тек ғана біліммен қаруландырмайды. Мұнда цифрлық технологияларға негізделген инновациялық технологияны қолданатын, тұлғалық даму мен сыни ойлауға басымдық беретін мектеп.
Қыркүйектен бастап барлық мектептерде «Дос болайық» атты буллингке қарсы жаңа бағдарлама енгізіледі. Жобаның мақсаты – балалар арасындағы өзара сыйластықты арттырып, қауіпсіз орта қалыптастыру. Бағдарлама аясында ата-аналарды бала тәрбиесіне белсенді тарту көзделіп отыр.
Еділ Оспан, ҚР оқу-ағарту вице-министрі:
Біз барлық мектептерге қыркүйектен бастап «Дос болайық» буллингке қарсы бағдарламасын енгіземіз. Одан бөлек, білім беру жүйесінде, жалпы қоршаған ортада балалардың қауіпсіздігіне қатысты үлкен жобалар іске асырылады. Ата-аналардың рөлі осы жерде өте үлкен. Сондықтан, ата-аналарды тәрбие процессіне тарту үшін дәстүрлі баяғыдан қалыптасқан, бәріміз мойындайтын, танитын ата-аналар комитетінің жұмысын біз жандандырамыз. Оларды білім беру ұйымдарына келіп, бала тәрбиесіне, оның оқуына әсер етуге шақырамыз.
Ұлттық жоба арқылы әрбір бала заманауи, жайлы ортада білім алады. Тамыз конференциясында айтылғандай, бұл – елдің ертеңіне жасалған инвестиция.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ