Биыл Марқакөл ауданының құрылғанына бір жыл толды. Осыған орай аудан орталығында «MARQA FEST» мәдени-туристік фестивалі өтті. Мерекелік шараға жиналған халық әуезді ән тыңдап, көтеріңкі көңіл күйге кенелді.

Аудандық мәдениет үйінің алаңы мерекенің нағыз ордасына айналды. Бұл күн - жас ауданның жарқын болашағына жол ашқан тарихи сәт болды.

Рүстембек Кемешев, Марқакөл ауданының әкімі:

Бұл біздің ынтымақтастықты біріктіру, азаматтардың басын біріктіру, мына шекаралық аймақта татулықты сақтау, бүгінгі мынау урбанизатцияның жағдайын тұрақтандыру. Жан жақтан біздің Марқаның азаматтары келіп, белді белді инвесторларды тарту мақсатында осы жиынымызды өткізудеміз.

Жергілікті тұрғындар үшін бұл мереке көптен күткен қуаныш. Фестиваль оларға ерекше көңіл-күй сыйлап, елді бірлікке шақырды. Көпшілік шараны аудан өміріндегі маңызды әрі тарихи оқиға деп бағалады.

Қуаныш Қозжанов, Марқакөл ауданының тұрғыны:

Бұл өте ұлағатты дүние. Анық Марқаның өзінің тумалары келіп, үлкен ақсақалдарымыз,үлкен апайларымыз келіп, осындай өздерінің Марқаның өткен тарихын, бүгінгісін, ертеңгісін, туралы ой толғады. Осының бәріне біз өте қуаныштымыз. Мереке құтты болсын.

Сахна төрінде қазақ эстрадасының танымал әншілері мен шығысқазақстандық өнерпаздар өнер көрсетті. Олардың қатарында Ұлықпан Жолдасов, Гүлдана Ноғайбаева, Алмат Сақатов сынды жұлдыздар бар. Халық сүйікті әртістерін ыстық ықыласпен қарсы алып, бірге ән шырқады.

Ұлықпан Жолдасов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Бұл жердің табиғаты енді өте сирек кездесетін табиғат. Мақтанып көрсететін жер. Сондықтан аудан болып, табиғаты сұлу, және қай жағынанда шаруашылық бәр жағынан болсын мықты.

Гүлдана Ноғайбаева, ҚР мәдениет саласының үздігі:

Шырайлы ел Марқакөл елінің ауданының 1 жылдық тойына орай жасалып отырған үлкен дода, феативальмен қоса үлкен бәйге өтіп жатыр. Халықты қуантып отырғанын өзіміз көріп отырмыз. Бірге қуанып отырмыз. Баршаңызды құттықтаймын.

Бұл мереке ауданның жаңа тарихындағы жарқын беттердің бірі болып жазылды. Ұйымдастырушылар мұндай шаралар алдағы уақытта дәстүрге айналатындығын айтты. 


БЕКАРЫС СЕКЕН