Болгарияда өткен U-20 әлем чемпионатына қатысқан жас палуан, қола жүлде иегері Темірлан Тұрдақын елге оралды. Оның бұл жеңісі – тек медаль емес, өңіріміздің спорт тарихындағы жаңа бетбұрыс. Әр кездесу – шынайы батылдық, төзімділік пен жігер сынағы. Польша, Венгрия, Австриялық спортшыларды жеңіп, жартылай финалға шыққан Темірлан әлемдік аренада өз орнын дәлелдеді.

1/16 финалда, поляк спортшысымен кездескен Темірлан ойдағыдай стратегия көрсетіп, 3:2 есебімен алға шықты. Әр қозғалысы жеңіске деген талпыныстың айқын бейнесі. 1/8 финал, венгр спортшысымен болған тартыста 10:1 есебімен басымдылық танытып, қазақстандық спортшымыз өз мықтылығын дәлелдеді. Бұл кездесу оның дайындықтағы қажыр-қайраты мен техникалық шеберлігінің көрінісі болды. 1/4 финалда австриялық балуанмен белдесуде Темірлан таза жеңіске жетті: 10:1 есебі – оның физикалық күші мен шапшаңдығының айғағы.

Темірлан Тұрдақын, Әлем чемпионатының қола жүлде иегері:

Жарыс жақсы деңгейде болды, мықты деңгейде болды. Жарысқа жақсы дайындықпен бардық. Бес балуанмен күрестім. Біріншісі поляк балуаны, екіншісі венгр балуанымен, үшіншісі орыс балуаны, төртіншісі әзірбайжан балуанымен күрестім. Дайындық жұмыстары Шымкент қаласы, Алматы облысы спортивный комплекста болды.

Оны әуежайдан жақындары мен жанкүйерлері күтіп алды. Барлығы жас жүлдегер жеңісін бірге тойлады. Чемпиондық – тек жетістік қана емес, бүкіл Қазақстан мақтанышы.

Данияр Әбілов, грек-рим күресінен жаттықтырушы:

Осы әлем чемпионатында менің оқушым үшінші орын алды әлем чемпионатында. Бұл нәтиже уже екінші рет болып тұр. Ана жылы ол, 24 жылы тоже үшінші болған.Испанияда, Понтеведра қаласында. Биыл міне, Болгария елінде, Самоков қаласында үшінші болып өте жақсы нәтиже көрсетті. Бұйырса, алтын әкелеміз деп ойлаймын.

Самоков қаласында өткен дүбірлі дода Темірлан үшін тәжірибе, ал елге үлкен қуаныш әкелді. Әр белдесуде көрсеткен табандылығы оны жеңіске жетеледі. Қарсы алу сәті – халықтың оған деген шынайы сүйіспеншілігі. Бүгінгі қола жүлде – ертеңгі үлкен жетістіктердің бастауы. Жастардың жеңісі еліміздің спорттағы болашағына зор сенім ұялатады.


Талант Тұрсынов