Өскеменде ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтудың ең озық әдістері қолданылады. Солардың бірі – цифрлық технологиялар арқылы балалардың қоршаған ортамен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік жасау. Бұл әдіс әсіресе церебральды сал ауруымен ауыратын балалар үшін тиімді.
«Demey» оңалту және түзету орталығында церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған бірегей сабақтар өтеді. Мұнда айтрекер атты заманауи құрылғы енгізілген. Бұл – компьютерді тек көзқарас арқылы басқаруға мүмкіндік береді. Осы арқылы балалар тек көзінің қозғалысымен компьютерді басқарып, өз ойын жеткізе алады.
МАДИНА ӘУРЕНОВА, «DEMEY» ОҢАЛТУ ЖӘНЕ ТҮЗЕТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Қазір баланың көзін арнайы құрылғы арқылы бақылап жатырмыз. Ол суреттер мен әріптер арқылы сөз құрай алады. Компьютер баланың жазғанын дауыстап оқиды. Осылайша бала ойын ашық жеткізе алады.
Бұл орталықта балаларға жан-жақты қолдау көрсету үшін білікті мамандар жұмыла еңбек етуде. Олардың қатарында физиотерапевт, логопед, психолог пен дефектологтар бірлесіп жұмыс істейді. Әр қызметкер балалардың жүруі, сөйлеуі мен қоғамға бейімделуіне жағдай жасайды. Мұндай қолдау мен көмек бала үшін де, ата-ана үшін де аса қажет. Ал, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға кез-келген бармақтай жетістіктің өзі сәулелі үміт сыйлайды.
САЛТАНАТ ЕРМЕКОВА, ҚЫЗМЕТ АЛУШЫ:
Әр ата-ана үшін басқа қалаға барып ем алу өте қиын, әрі қаржы жағынан да оңайға соқпайды. Осы орайда қаладағы «Демеу» орталығындағы мамандарға алғыс айтқым келеді. Баламызға барлық қажетті ем көрсетіліп жатыр. Жақсы мамандар жұмыс істейді. Балам мұнда алғаш келгенде сөйлей алмайтын, ал қазір «мама», «папа» деген сөздерді айтып жүр. Жақсы нәтижелерді көріп көңіліміз қуанады.
«Demey» орталығында ем алатын балалар жақсы нәтижелерге жетіп келеді. Бүлдіршіндердің алғашқы сөздерін айтып, қимыл – қозғалыстарының шығуы – дәл осы мекемедегі мамандардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Фатима Тілейханқызы