Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Чехия Республикасы Парламенті депутаттар палатасының вице-спикері Ян Бартошек бастаған Чех легионерлер қоғамының делегациясымен кездесті. Қос тарап екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және тарихи-мәдени бағыттағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесуде Шығыс Қазақстан облысы мен Чехия Республикасының арасындағы өзара сауда қатынастарының оң динамикасы атап өтілді. Бүгінде өңірден Чехияға металлургия, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі өнімдері экспортталады. Өз кезегінде, Чехиядан химия өнеркәсібі өнімдері, ағаш және қағаз, құрылыс материалдары мен көлік құралдары импортталады. Экономикалық байланыстан бөлек, білім беру, мәдениет және туризм жайы да сөз болды.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Шығыс Қазақстан мен Чехияны өзара ашық диалогқа және көпсалалы ынтымақтастықты дамытуға негізделген ұзақ мерзімді достық байланыстырады. Біздің аймаққа Чехиядан келетін туристердің саны жыл сайын саны артып келеді. Өңірдің студенттері Чехия университеттерінде білім алуда. Бұл жоғары білікті кадрларды даярлауға, еуропалық стандарттарға ие болуға және халықтарымыз арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға ықпал етеді.
Бұдан бөлек, кездесу аясында шетелден келген делегация облыс орталығында жерленген жерлестерінің бейіттерін абаттандыру, естелік тақтайшаларын қою мәселесін көтерді. Осы мақсатта Нұрымбет Сақтағанов Өскемен қаласы әкіміне арнайы тапсырма жүктеді.
ЯН БАРТОШЕК, ЧЕХИЯ РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ ДЕПУТАТТАР ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:
Бұл – менің Қазақстанға екінші рет келуім. Делегация құрамында Чехия Республикасының Қорғаныс министрлігінің Қазақстандағы өкілдері, еліміздің Қазақстандағы елшілігі мен тарихшы мамандар бар. Чехиялық зерттеушілер соғыс жылдары Қазақстан аумағындағы әскери тұтқындар лагерьлерінде қаза тапқан жауынгерлердің жерленген орындары мен сол жерлердегі ескерткіштерді анықтады. Осыған орай, тарихи әділдікті қалпына келтіру мақсатында чех тарапы аталған ескерткіштерді қайта жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстарына дайын.
Бүгінде соғыс жылдарында Чехия аумағында қаза тапқан жерлестеріміз және Қазақстан аумағында жерленген чех азаматтары туралы ақпаратты іздеу, қалпына келтіру, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Храст Радим, Чехия Республикасы Қорғаныс министрлігінің соғыс ардагерлеріне қамқорлық департаментінің қызметкері:
Зерттеу жұмыстары барысында Қазақстан аумағынан жерленген үш чех азаматының қорымы анықталды. Соның ішінде Шығыс Қазақстан өңіріндегі қорым ерекше мәнге ие. Онда чех тілінде жазылған жазу сақталған. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жобаға қолдау көрсетіп, көмектесіп келе жатқан Шығыс Қазақстан облысы әкімдігіне алғысымызды білдіреміз.
Аймақ басшысы делегация мүшелерін және Чехия Республикасының іскерлік топтары өкілдерін қыркүйек айында Өскемен қаласында өтетін «Altai Invest - 2025» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды. Чехия Республикасы Парламенті депутаттар палатасының Вице-спикері Ян Бартошек көрсетілген ілтипат пен шақырту үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Кәусар Идаятқызы