Өскеменде сегіз мемлекеттің дипломаттары бас қосқан форум өтті. Олар шығыстың инвестициялық әлеуетімен танысып, аймақта өндірілетін өнім түрлерінің көрмесін тамашалады. Форумға Корея, Беларусь, Өзбекстан, Ресей, Швеция, Қытай, Бельгия және Қырғызстан елдерінің өкілдері қатысты.
Форум барысында шығыстың өндірістік, ғылыми және туристік мүмкіндіктері таныстырылды. Өңірдің инвестициялық әлеуетін көрсететін көрме ұйымдастырылып, меймандарға металлургия, энергетика, ауыл шаруашылығы мен ғылым салаларындағы болашағы зор жобалар таныстырылды. Форум модераторы ретінде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі.
НҰРЫМБЕТ САҚТАҒАНОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз инвесторларға қолдау көрсетуге ерекше мән береміз. Ыңғайлы іскерлік орта қалыптастырып, қажетті инфрақұрылымды ұсынып, әр жобаға ерекше мән береміз. Құрметті жиынға қатысушылар! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздерді және іскер әріптестеріңізді «Алтай Инвест – 2025» халықаралық форумына шақырғым келеді. Форум қыркүйек айының үшінші онкүндігінде Өскемен қаласында өтеді. Шетелдік кәсіпкерлер тиісті ұсыныстарымен келіп, шарт жасасады деп жоспарлап отырмыз
Форум Шығыс Қазақстан облысы мен шетелдік дипломаттар арасындағы экономикалық және мәдени байланыстарды нығайту жолындағы кезекті маңызды қадамның бірі болды.
ЧЖО ТЭ-ИК, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:
Форумға қатысқаннан кейін, мен міндетті түрде Кореядағы компаниялардың осы ғажайып, көркем өңірге келуін ынталандыруды жоспарлап отырмын. Бірлескен жобаларды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізуге ниеттімін. Өндіріс саласынан бөлек, табиғаты көркем әрі бай ресурстарға ие Шығыс Қазақстанның туризм саласында да зор әлеует бар. Екі елдің ірі қалаларын тікелей байланыстыратын әуе рейстерінің саны аптасына 15-ке дейін көбейіп, сыртқы сауда мен қарым-қатынасты жандандыруға жол ашты. Бұл өз кезегінде өзге де салаларда жаңа мүмкіндіктер туғызары сөзсіз.
РУСЛАН УРАЗАЛИНОВ, ШВЕЦИЯ КОРОЛЬДІГІНІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІЛІГІНІҢ САУДА ЖӘНЕ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСШІСІ:
Осында қайта оралып, өңірдің дамуына куә болу - мен үшін үлкен мәртебе.Швеция кәсіпкерлік және технологиялық жетістіктерімен танымал. Біздің тәжірибеміз аймақты дамытуда пайдалы болады деп сенемін.Ақпараттық технологиялар саласында шведтік Ericsson компаниясы Қазақстандағы 5G инфрақұрылымының 50%-ын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Алматы мен Шымкентте жұмыс істеп жатыр, алдағы уақытта қызметін Шығыс Қазақстанда кеңейтуді жоспарлап отыр.
Аймақ басшысы мұндай шаралар экономикалық және мәдени байланыстарды нығайтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Форум Шығыс Қазақстан облысының ашықтығын және шетелдік инвесторлармен әріптестікті тереңдетуге дайын екенін көрсетті.
Дидар Ерболатқызы