Облыс орталығында балалар үйінің түлектерін қолдау бағытында маңызды жиын өтті. Басқосу барысында олардың құқықтары мен әл-ауқатына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Әсіресе, тұрақты тіркеуге тұру, баспанамен қамтамасыз ету және жалдамалы пәтерге субсидия бөлу бағдарламаларын кеңейту қажеттігі айтылды.

Жиынға қатысушылар балалар үйінен шыққан түлектердің құжаттық қиындықтардан кейін әлеуметтік қолдаудан тыс қалатынын атап өтті. Тұрақты тіркеудің болмауы - олардың білім алу, жұмысқа орналасу және баспана алу құқықтарын шектеуде. Бұдан бөлек, бұрын берілген пәтерлерді сатып алу талаптарын қайта қарау қажеттігі де айтылды.

Амантай Бахытұлы, Өскемен қ. Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымы мен бірлесе жұмыс жасаймыз. Шамамыз келгенше тіркеусіз қалған жетім балаларға көмектесіп мәселені шешіп отырмыз. Қазіргі таңда Өскемен қаласында әрбір жылы берілген үйлердің 20%-дан кем емес үй осы категорияға бөлініп отырды. Былтырғы жылы 54 үй жетім балаларға бөлінді, биылғы жылы Отбасы банктың құрамына өтіп, ережеге сай 20% қалдырылды.

Кездесу барысында қатысушылар жетім балалардың баспана мәселесін жүйелі түрде шешу үшін келер жылды «Жетімдер жылы» деп жариялауды ұсынды. Мұндай қадам осы санаттағы азаматтарға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын күшейтуге де жол ашпақ.

Александра Исмаилова, Облыстық жетім балалардың құқығын қорғау қоғамдық қорының басшысы:

Бұл мәселені біз депутаттармен, бастамашыл топпен және құзырлы органдармен бірлесе отырып көтеріп жүрміз. Ең маңызды түйткілдердің бірі – тіркеу. Себебі балалар үйінің түлектері еш жерде тіркеусіз қалып, көптеген құқықтарынан айырылып жатады. Екінші маңызды мәселе – жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау. Қазір елімізде дәл осы “жетім” санаты бойынша пәтер кезегінде тұрғандар өте көп. Бұл санаттағы жастарға нақты жеңілдіктер мен қолдау тетіктері қажет.

Қатысушылар әр баланың тағдырына бейжай қарамау – бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Балалар үйінің түлектері үшін лайықты өмір сүру жағдайын жасау тек бірлескен әрекет арқылы мүмкін болмақ. Жиында айтылған ұсыныстар мен бастамалар осы бағыттағы нақты қадамдарға негіз болмақ.


БЕКАРЫС СЕКЕН