Облыста есірткі бизнесінің жолын кесу, заңсыз айналымның алдын алу және жастарды зиянды әдеттерден қорғау мақсатында нақты шаралар іске асырылуда. Бұған аймақта өткен «Қарасора-2025» жедел профилактикалық шарасы дәлел. Шара аясында тәртіп сақшылары 40 астам құқықбұзушылық әрекетін тіркеген. 20 келіден астам түрлі есірткі заттарын тәркілеп, оны таратумен айналысқан азаматтарды анықтаған. Бұл туралы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дәулет Жұмаділов брифинг барысында баяндады.
Аймақта 1 маусымнан бастап «Қарасора-2025» жедел профилактикалық шарасы басталды. Заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталған науқан 31 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тәртіп сақшылары есірткі заттарын өндіру, таратумен айналысқан тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізеді.
ДӘУЛЕТ ЖҰМАДІЛОВ, ШҚО ПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
«Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық шарасының мақсаты – есірткі заттарын заңсыз өсіру мен транзитін тоқтату, құрамында есірткі бар өсімдік алқаптарын жою және оны таратумен айналысатын қылмыстық топтарды анықтау. Шара басталғалы 40-тан астам құқықбұзушылық тіркеліп, 20 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді. Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіруге арналған 4 зертхананы анықтады.
Тәртіп сақшылары есірткі заттарын «жасырын сатуды» көздеген бірнеше азаматты анықтады. Тінту кезінде психобелсенді заттар тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Аймақта бастау алған бұл шара Мемлекет басшысының заң мен тәртіп қағидатын іске асыру мақсатында өткізіліп жатыр.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ