«Казцинк» компаниясы экологияны жақсартуға бағытталған жобаларын таныстырды. Жаңа бастаманың мақсаты – зиянды қалдықтарды азайтып, ауаның сапасын арттыру. Жобаны іске асыру 2034 жылға дейінгі кезеңді қамтиды.

Бүгінгі таңда «Казцинк» компаниясы өндірісте халықаралық тәжірибеге және өз әзірлемелеріне сүйене отырып, ең озық қолжетімді технологияларды қолдануда. Экологияны бақылау ісінде де жоспарлар қолға алынған. Айта кетейік, Өскемен металлургиялық алаңында жұмыс істеп тұрған күкірт қышқылы өндірісінде қалдық газдарды қосымша тазартуға арналған үш жаңа зауыт салу көзделген.

ҚАЗТАЙ ТАКЕЕВ, «КАЗЦИНК» ЖШС БАС ЭКОЛОГЫ:

Бүгін біз алдағы жоспарларымызды қоғам назарына ұсындық. Бұл 2034 жылға дейінгі жалғасатын жоба. Алдағы екі жылда негізгі басымдық – атмосфералық ауаны қорғау. Бұл, ең алдымен, Өскемен металлургиялық алаңындағы зауытқа байланысты. Мұнда жұмыс істеп тұрған күкірт қышқылы өндірістерінің қалдық газдарын қосымша тазартуға арналған зауыт салынады.

Ұзақ мерзімді жоспар аясында 100 млрд. теңгеден астам инвестиция салынады. Бұл қаражат экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізуге және өндірістік процестерді жаңғыртуға бағытталмақ. Нәтижесінде, ауаға таралатын зиянды заттар көлемі төрт мың тоннаға дейін азаяды. Бұл - өңір экологиясын жақсартуға жасалған маңызды қадам.


БЕКАРЫС СЕКЕН