Ал Риддерде алғаш рет «Ата-Мұра» мәдени-спорттық фестивалі өтті. Елдің түкпір-түкпірінен келген спортшылар көкпар, жамбы ату, теңге ілу сынды сайыстарда бақ сынады. Жеңімпаздар марапатталып, жиналған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады.

Фестиваль аясында ұлттық спортпен қатар, мәдени құндылықтар да кеңінен насихатталды. Қолөнер көрмесі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі және әсем әуен мен мың бұралған би шара шырайын аша түсті.

БАҚЫТЖАН БАЙАХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қымбатты спортшылар мен бапкерлер және ойынға қатысушылар. Бүгін міне Риддер қаласында тамаша іш қараның куәсі болып отырмыз. Бұл “Ата-Мұра” ұлттық ойындарының ашылуы. Іс шараның маңызы жоғары. Бұл жәй ғана жарыс емес халқымыздың тарихына салт-дәстүріне ұлттық ойындарына батыр бабаларымыздың рухына деген тағзым.

Жарыс аясында қатысушылар қазақша күрес, аударыспақ, арқан тарту, гір көтеру, тазы жүгірту, бүркітпен аң аулау, садақ ату және асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сынға түсті. Ал сайысқа өңірдің түрлі аудандарынан және Астана, Алматы қаласынан, Абай, Ұлытау облыстарынан келген жүзден аса спортшы қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ата-Мұра» ойындары енді жыл сайын өтетін дәстүрлі жиынға айналмақ.

ДУМАН РАХМЕТҚАЛИЕВ, РИДДЕР ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Риддер қаласы - халқымыздың ортақ дәстүрлері мен тарихи құндылықтарын дәріптеген спорттық мәдени іс-шара алаңына айналды. «Ата-Мұра ойындары» – жай ғана жарыс емес. Бұл – ата-баба мұрасына, халық рухына, оның күш-жігері мен даналығына деген терең құрмет. Осындай шаралар арқылы біз жас ұрпаққа өз мәдениетімізге деген сүйіспеншілікті сіңіреміз. Алдағы уақытта мұндай жарыстар жалғасын табады.

Тартысты өткен тағы бір бәсеке қазақ күресі болды. Белдесулер екі салмақ дәрежесі бойынша өтіп, үздіктер анықталды. Жүлде қоры 4 миллион 400 мың теңгені құрады.

ТАЛҒАТ ӘМІРЕНОВ, ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

Риддер қаласына келіп «Ата-Мұра» ойындары бірінші рет өткізіліп отыр. Өте жоғарғы деңгейде. Бабаларымыздың ойындары биік деңгейге жетсе өте үлкен нәтиже болады.

Бұл фестиваль тек жарыс алаңы емес, мәдениет пен тарихтың тоғысқан тұғырына айналды. Спорт пен салт-дәстүр үндескен осындай ауқымды шаралар жастарды тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға жол ашады.


БЕКАРЫС СЕКЕН