Облыста жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында «Борышкер», «Жасөспірім» және «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Өскемендегі тәртіп сақшылары шара аясында бекітілген талапты елемей, құқықбұзушылыққа жол берген азаматтарды анықтауда.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң мен тәртіп қағидатын іске асыру мақсатында өңірдегі тәртіп сақшылары түрлі профилактикалық шараларды өткізіп келеді. Мәселен, тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған кешенді жоспар да әзірленген. Бүгінгі таңда облыс аумағында үш бірдей жедел алдын алу шаралары жүргізілуде.

ЕРКІН СӘТТІБАЕВ, ӨСКЕМЕН Қ. ПБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ М.А:

«Борышкер» профилактикалық іс-шарасының мақсаты – бұрын салынған айыппұлдарды өндіріп алу және қасақана төлемей жүрген борышкерлерді анықтау. Осы шара аясында екі автокөлік айып тұрағына қойылды. «Қауіпсіз жол» профилактикалық шарасы аясында сегіз көлік айып тұрағына жеткізіліп, қарсы бағытқа шыққаны үшін 7 хаттама және масаң күйде көлік басқарғандарға қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар мопед жүргізушілері де жауапкершілікке тартылды: төртеуі жүргізуші куәлігінсіз, тағы төртеуі тіркеусіз көлік басқарған. «Жасөспірім» шарасы аясында 23:00-ден кейін тұрғын үйден тыс жерде жүрген кәмелетке толмағандар анықталады. Рейдтерге ювеналды полиция мен учаскелік инспекторлар жұмылдырылып, олар компьютерлік клубтарды аралап жүр.

Облыс орталығындағы жол қауіпсіздігі де басты назарда. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары тексеріс жұмыстарын күшейткен көрінеді. Құқық қорғау органы өкілдері мақсатымыз азаматтарды жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен ақпараттық-түсіндірме жүргізу дейді.

АЙХАТ ӘМІРТАЙ, ӨСКЕМЕН Қ. ПБ ППБ ҚЫЗМЕТ ИНСПЕКТОРЫ:

Аталған іс-шаралар бойынша түсініктеме жұмыстары жүргізілуде және жадынама қағаздары таратылуда. Сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында жедел басқару орталығымен жұмыс істеудеміз. Борышкер азаматтарды уақытылы өз айыппұлдарын төлеуге шақырамыз және қала қонақтары мен тұрғындарын жол ережелерін қатаң сақаутға шақырамыз.

Ал тұрғындар жағы қоғамдағы тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ортақ міндет деген пікірде.

Тәртіп сақшылары тұрғындарды жол ережелерін қатаң сақтап, бекітілген талаптарды орындауға шақырады.


НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ