Өңірге Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-Ик жұмыс сапарымен келді. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты нығайту, бірлескен инвестициялық жобалардың мүмкіндіктерін талқылау және мәдени әрі білім саласындағы байланыстарды кеңейту мәселелері қаралды.

Корея Республикасынан келген делегация өкілдері облыс басшылығымен, кәсіпкерлермен кездесіп, өңірдің бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады. Дөңгелек үстел басында жиналған қос тарап өзара әріптестікті тереңдету, ортақ жобаларды жүзеге асыру және білім мен мәдениет салаларындағы байланыстарды арттыру бойынша пікір алмасты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Жоспар өте көп, ұсыныстар да аз емес. Кеше біз қыркүйек айына дейінгі жоспарларды пысықтадық. Енді кәсіпкерлеріміз өкілетті басқармалар арқылы қандай бағыттарда жаңа кәсіпорындар ашуға болатынын зерделейді. Жаңа жобаларды іске асыру көзделіп отыр.

Корея мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық экономика, білім, туризм сынды түрлі салаларда қарқын алып келеді. Қазіргі таңда басты назар – екі ел арасындағы туристік байланысты дамытатын жаңа бастамаларда.

ЧЖО ТЭ-ИК, КОРЕЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Сеул-Астана-Өскемен бағыты бойынша немесе Сеул-Алматы-Өскемен-Астана бағытында Air Astana рейстерімен туристік маршрут әзірлеуді ұсынамын. Туризм тұрғысынан бұл өте қызықты болар еді. Әр қалада 2-3 күн аялдауға мүмкіндік болса,Қазақстанның әсем табиғатын тамашалауға қызығушылық танытатындар саны артпақ.

Бұл сапар екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, өзара тиімді жобаларды бастауға жол ашады.


Қымбат Иманғалиева