Облыс орталығында туризм әлеуетін дамытуға арналған кеңес өтті. Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен өткен жиында меймандарға қолайлы жағдай жасау мәселесі кеңінен талқыланды. Шомылу маусымын ұйымдастыру, қауіпсіздікті жіті қадағалау, инфақұрылым жайы мен қызмет сапасын арттыру – туризм саласын дамытуға бағытталған маңызды қадамдар.
Өңірге табан тіреген туристердің легі жылдан жылға артып келеді. Мәселен 2025 жылдың бірінші тоқсанында аймаққа 100 мың турист келген. Оның 95 мыңы отандық демалушылар болса, 5 мыңы – шетелдік меймандар.
Ержан Сембинов, Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы:
Қазір облыс аумағында 370-тен астам туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, демалыс орындары, емдік шипажайлар бар. Туристік маусымға дайындық наурыз айынан басталып, бірқатар нысандар өз жұмысын уақытынан бұрын бастады. Айта кетерлігі, шомылу маусымы әдеттегіден он күн ерте, яғни 10 маусымда басталды. Бұған дейін жағажайлар мен демалыс базаларын санитарлық талаптарға сай дайындық жұмыстары жүргізілген. Аумақты залалсыздандыру, су сынамасын алу және қызметкерлерді арныайы оқыту сияқты шаралар қамтылды. Қауіпсіздік мәселесі де ескеріліп, құтқару бекеттері мен жылжымалы патруль топтары ұйымдастырылды.
Жазда туристердің дені шомылуға арналған орындарда демалғанды құп көреді. Өңірде 25 су айдынында шомылуға рұқсат етілген. Алайда ресми орындардың тек сегізі қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған.
Рашид Блялов, ШҚО ТЖД басшысы:
Шомылу маусымы басталғалы облыс аумағында 8 төтенше жағдай тіркелді. Оның төртеуі құтқару қызметінің бақылауындағы аумақта болған. Бұл оқиғаларда 9 адам құтқарылғанымен, өкінішке қарай, адам өліміне әкелген фактілер де тіркелді. Өткен жылы шомылу маусымы бойында 5 ғана оқиға орын алған болатын. Ал биылғы маусым толық аяқталмаса да, қайғылы жағдайлар саны артқаны алаңдатады.
Облыс әкімі туристердің қауіпсіздігі мен қызмет көрсету сапасын, жергілікті жерлердегі тауар құнын қадағалауды тапсырды. Қала, аудан әкімдеріне аптасына кемінде екі рет жағажайларға барып, демалушылардың жай-күйін тыңдау қажет екенін айтты.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Туризм – біздің экономикамыздың дамуының ерекше құралы болуы тиіс. Оған барлық мүмкіндіктер бар. Керемет табиғатымыз бар, еңбекқор береке-берлігі жарасқан халқымыз бар. Сол көпшілікті осы туризм саласын дамытуға жұмылдыра білуіміз керек. Соны ұйымдастыратын сіздер деп ойлаймын. Туризм басқармасы қажетті бағдарламалар, нұсқамаларды беріп отырыңыздар. Және артынан тексеріп отырыңыздар.
Өңір басшысы қызмет көрсету сапасына ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Әуежайлар мен вокзалдарды цифрландыру және облыстың туристік сайтын жетілдіру, қоғамдық жағажайларды абаттандыру, киім ауыстыратын бөлмелер, санитарлық тораптар мен күркелер орнату – туристерге жайлы жағдай қалыптастырмақ. Демалыс орындарында қауіпсіздікті қадағалау үшін полиция тарапынан тұрақты патрульдеуді қамтамасыз ету міндеті де жүктелді.
Дидар Ерболатқызы