Облыста 180 мыңнан астам бала бар. Өткен жылы оның барлығы дерлік профилактикалық және скринингтік тексерістен өтті. Биыл бұл шара «Қазақстан балалары» республикалық жобасы аясында жалғасын тапты. Күні кеше қалалық №1 емханада ашық есік күні ұйымдастырылды. Балаларды қорғау күні аясында мұндай шаралар республика көлемінде өтіп жатыр.

Ашық есік күнінде балалар түрлі мамандардың қабылдауында болып, тегін кеңес алды. «Дәрігер – балалардың жанашыры» тақырыбында өткен шарадағы тегін тексерулер – азаматтардың өз денсаулығына бей-жай қарамауға шақырудың бір қадамы. Әрі бұл дәрігер мен ата-ананың арасындағы сенімді күшейтетін көпір.

Мамандардың айтуынша, әр баланың денсаулығы мен дамуына дер кезінде көңіл бөлу – оның өмір сапасына тікелей әсер етеді. Осы ретте аймақта жаңа орталықтар ашу арқылы медициналық көмекті қолжетімді ету көзделіп отыр.

Ұйымдастырылған шарада бүлдіршіндер мерекелік көңіл-күйге бөленді. Мамандар балақайларға арнайы мадақтама мен кішігірім сыйлықтарын да табыстады. Ата-аналар да емханадағы қызмет сапасына көңілдері толатынын айтты. Қазір дәрігер қабылдауына жазылу, кеңес әлдеқайда оңтайландырылған.

Балалардың денсаулығына қамқорлық – мемлекеттің басты басымдығы. Сондықтан осындай игі бастамалар алдағы уақытта жалғасын табады.