Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының 7 оқиғасы тіркелді. Жуырда ғана Өскеменде төрт жасар бүлдіршін төртінші қабаттан құлап кеткен. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары хабарлады. Мұндай жағдайлар соңғы уақыттары жиілеп барады, деп дабыл қағуда құтқарушылар.

Балалардың терезеден құлауы өзекті мәселелердің бірі. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биіктіктен құлау дерегінің азаймай тұрғанына бір шетінен қауіпсіздік шараларының сақталмауы ықпал етсе, екіншіден ата-ананың салғырттығы себеп. Балаларды терезесі ашық күйде қалған бөлмеде жалғыз қалдыру – үлкен қауіп. Құтқарушылардың айтуынша, балаларды жазатайым жағдайлардан қорғаудың ең тиімді жолы – терезеге арнайы қауіпсіздік құрылғыларын орнату. Департамент ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін құтқарушылар алдын алу шараларын күшейтті. Көпбалалы отбасыларда рейдтер жүргізіліп, терезеге арнайы бекіткіштер мен шектеу құрылғылары орнатылып жатыр.

Иван Бережнев, қала тұрғыны:

Мамандардың осындай қорғаныш құрылғыларын орнатып жатқандары өте дұрыс. Қазіргі таңда балалар терезеден құлап кетіпті деген хабарды жиі естиміз. Қауіпсіздікке мән беріп жатқан жауапты қызметкерлерге алғысымыз шексіз.

Бұдан бөлек, ТЖД құрылыс компанияларының бірімен меморандумға қол қойды. Енді жаңа салынып жатқан тұрғын үйлердің барлығында терезеге арналған қорғаныштар орнатылады. Бұл бастама тұрғындардың жайлылығымен қатар қауіпсіздігін де қамтамасыз етуге бағытталған.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

Жаз мезгілінде құтқарушылар профилактикалық жұмыстарға белсенді кіріседі. Өйткені, дәл осы маусымда балалардың терезеден құлап кету жағдайлары жиі тіркеледі. Дрон көмегімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу – ата-аналарға қауіпсіздік шараларын кеңінен жеткізуге мүмкіндік береді. Біз дрон арқылы қауіпсіздік құрылғысын көкке көтеріп, ата-аналарға оның маңызын көрсеттік.

Қабылданған шаралар жазатайым оқиғалардың алдын алуға мүмкіндік жасайды. Ал, баланың қауіпсіздігі – ең алдымен үлкендердің жауапкершілігінде.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ