Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдерде жастарға арналған арнайы ұйым құрылуы мүмкін. Бұл бастама аймақта өткен жас көшбасшыларға арналған форумда талқыланды. Жиынға Қазақстан, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген белсенді жастар, волонтерлер, қоғам белсенділері мен әлеуметтік жоба авторлары қатысты.

Форумда жастар саясатын дамыту, мәдени байланыстар, экология және жастар арасындағы нашақорлық пен лудоманияның алдын алу мәселелері талқыланды.

Су Чаньюнь, форум қатысушысы (ҚХР):

Мен үшін ШЫҰ елдерінің жас көшбасшылар мен таланттар форумына қатысу – үлкен мүмкіндік. Бұл Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы достықты нығайту, мәдени және гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін маңызды қадам деп білемін.

Екатерина Забродная, форум қатысушысы (РФ):

Мұндай шаралар көпшілігіміздің басымызды бір жерге біріктіріп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға, әлеуетті ашуға, жаңа мақсаттар қоюға мүмкіндік береді. Әрі осындай игі бастама арқылы халықаралық достығымыз нығая түседі.

«Жастар рухы» жастар қанатының халықаралық жобалар бойынша жетекшісі Жансая Қуанышбекова өз сөзінде ШЫҰ – бұл тек географиялық кеңістік қана емес, идеялар мен тәжірибе алмасу, әрі достық алаңы екенін атап өтті.

Жансая Қуанышбекова, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» ЖҚ жобалар және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы:

ШҚО-да ШЫҰ жас таланттары мен жас көшбасшыларының форумы өтіп жатыр. Форум керемет деңгейде өтіп жатыр. Жалпы, форумда жастардың саясатындағы тәжірибесі мен мәдениетімен бөлісу болып жатыр. Жалпы, бүгінгі форумда жастардың арасындағы лудомания, нашақорлықпен күрес, экологиялық сана тақырыбында үлкен-үлкен ойлар қозғалып жатыр. Қазақстан тарапынан «Жастар рухы» ЖҚ өзіміздің жобаларамызбен және алдағы жоспарлармен бөлістік. Жалпы, «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы үлкен экологиялық акцияларымыз, жұмысшы жастарды қолдау, цифрлық қоғам, кибер қауіпсіздік сынды өзіміздің тәжірибелерімізбен бөліскен болатынбыз.

Жас көшбасшылар мен таланттар форумын өткізу – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы. Өткен жылдың шілдесінде Астанада өткен «ШЫҰ» саммитінде Мемлекет басшысы жаһандық сын-қатерлер жағдайында жастар бірлігінің маңыздылығын және бейбітшілік пен орнықты даму жолында бірлескен іс-әрекеттер қажеттігін атап өткен еді.

Қайрат Қамбаров, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы:

Көптеген шаралар ірі қалаларда өтеді, ал аудандар мен ауылдардың жастары сыртта қалып қояды. Біз іссапарлар барысында жастардан осындай шараларды ауылдарда өткізуге бола ма деген сұрақты жиі естиміз. Сондықтан, біз жастарды көбірек тарту үшін ауқымды шараларды шалғай өңірлерде де өткізе бастадық. Бұл – елдер арасындағы жастар ұйымдарының коллаборациясы. Кездесу қорытындысы бойынша ортақ құжат қабылдап, мұндай форумдарды дәстүрлі әрі жыл сайын өткізілетін деңгейге жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз.

Форумның соңғы күні нағыз достық, мәдениет пен бірліктің мерекесіне айналды. Қатысушылар бұл кездесудің ашық диалог пен жаңа идеялардың, серіктестік пен шекарасыз достықтың бастамасы болғанын атап өтті.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ