Аймақта спорт күні қарсаңында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықаралық, республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттады. Шараны әр жыл сайын ұйымдастыру айнымас дәстүрге айналған. Жиынға спортшылар, жаттықтырушылар, спорт ардагерлері мен өңірдің спорт қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Елімізде мықты спортшылар көп. Олар намысты қолдан бермей, үздік нәтижелерге қол жеткізіп, халықаралық сайыстарда жеңіс тұғырынан көрінуде. Аймақ басшысы жиынға келген спортшыларды, жаттықтырушыларды және спорт ардагерлерін халықаралық аренада қол жеткізген толағай табыстарымен, сондай-ақ алдағы спорт күнімен құттықтады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сіздерге айтарымыз тоқтамаңыздар. Алдыға қарай бірге жүре берсек алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Президентіміз Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің облыста ғана емес, еліміздің барлық өңірлерінде спортшыларға барынша қолдау жасау, жағдай жасау. Спорттық жаңа құрлыстар, ғимараттар салу, осы бойынша тиісті тапсырмаларды берді. Ол тапсырмалар аясында біз жыл сайын көптеген жұмыс жүргізіп келеміз.

Марапат алғандардың қатарында Руслан Курбанов та бар. Ол ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылардың бірі.

Руслан Курбанов, семсерлесуден Әлем чемпионатының қола жүлдегері:

Спорттың дамуы үшін қолдау білдіргендеріңізге алғыс айтамын. Әсіресе жастар мен кадеттерге жағдай жасалуы – біздің болашағымыз үшін үлкен демеу. Спортшылар бұл сенімді ақтау үшін бар күш – жігерін салады. Біз еліміздің намысын қорғауға дайынбыз. Сіздердің қолдауларыңыз бізге күш береді, ал бәсекелі орта бізді шыңдай түседі.

Кездесу соңында халықаралық деңгейде Қазақстанның атын шығарған спортшылар мен олардың бапкерлеріне алғыс хат пен ақшалай сертификаттар табысталды.


Кәусар Идаятқызы