Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызға ие жолдарды жөндеу - күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Өскемен-Риддер бағытындағы күре жолдың қазіргі жағдайымен танысты. Бұл бағыт - 11 елді мекенді байланыстырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді.
Жалпы ұзындығы 105 шақырымды құрайтын бұл автожолдың алғашқы 30 шақырымы - Өскеменнен Секисовка ауылына дейінгі аралығы толық жөнделіп, пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта Секисовка ауылынан Риддер қаласына дейінгі аралықта жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бұл бағытта құрылыс-монтаж жұмыстарына жауапты мердігерлер бекітілген.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
2 жыл емес 3 жыл уақытында тағы да бір кемшіліктер болып жатса, олар соны сол уақыттарда түзетулеріне тура келеді және басқа да жауапкершілік шараларға тартылатын болады. Бұл жолда әлбетте біз бақылауда ұстайтын боламыз.
Жөндеу жұмыстарына 62 жол-құрылыс техникасы мен 103 адам жұмылдырылған. Қазірдің өзінде 75 шақырым жолдың басым бөлігінде негізгі жұмыстар атқарылды.
Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:
Қазіргі таңда бүгінгі күнге дейін 49 шақырымы жөнделді және 44 шақырымы төмен қабат асфальт салынды және жоғарғы қабат 8 шақырым салынды. Осы орташа жөндеуді сапасын қадағалайтын техникалық қадағалау мекемелері бар. Инженерлер күнделікті болады. Сонымен қатар, ұлттық сапа орталығы апта сайын жолдың сапасын, құрлыс материалдарын тексеріп, сынақтамадан өткізеді.
Өскемен - Риддер бағытында кен қазып, оны өңдейтін кәсіпорындардың ауыр технологиялары да үздіксіз қатынайды. Ал жолдың сапалы салынуы ең негізгі мәселе. Сол себептен, жол жабындысына үш жыл кепілдік беріледі. Егер кемшіліктер анықталса, мердігер компания оларды өз есебінен түзетуге міндетті.
Александр Андрейчук, «Kurylys Group RK» ЖШС директоры:
Біз тәулік бойы екі ауысыммен еңбек етеміз. Орташа жөндеу аясында басты назар – тоң топырақты жерлерді жоюға аударылған. Көптеген автокөлік жүргізушілері бұл аймақта сазды, шамадан тыс ылғал топырақ басым екенін біледі. Бұл құрылыс жұмыстарына үлкен қиындық тудырады. Алайда цемент, қолданыстағы жабынды және түрлі пішіндегі шағылды араластыра отырып, мықты жастықша негізі қаланады. Бұл технология топырақты тұрақтандырып, жолдың ұзақ уақыт бойы жарамды болуын қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, аймақ басшысы жол бойындағы инфрақұрылымға да баса назар аударды. Аудан әкімдіктері мен кәсіпкерлерге сервистік нысандарды дамыту үшін жер телімдерін ұсыну қажеттігін атап өтті.
Кәусар Идаятқызы