Зайсан көлінің маңында ауыл тұрғындары балық шаруашылығын дамытып, табысты кәсіптің үлгісін көрсетіп отыр. Тұғылдықтар балықтың бабын тауып, табиғатпен үйлесімді еңбек етудің жолын меңгерген. Ауылдастарын жұмыспен қамтып әрі экспортқа өнім шығаратын кәсіпорынның тыныс тіршілігімен әріптесім танысып қайтты.

Көк айдынның жағасында ауыл тұрғындары жыл он екі ай балық аулап, оны өңдеп, кәсібін дөңгелетіп жүр. «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативі 2002 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде қарамағында 118 балықшы мен 60-тан аса цех қызметшісі бар. 

Өтепбай Рүстемов, «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы:

Қазір 5 учредитель қалдық. Әрқайсысының цехтары бар. Өз бригадасы бар. Ауыл халқына жұмыс беріп, жұмыс істеп жатырмыз. Балық күзге таман жақсы жүреді. Өйткені су тартылады. Қамыстағы балықтар төмен тереңге ямаға барады. Сол уақытта жақсы ауланады.

Кәсіпорын алғашында балық аулаумен ғана айналысқан. Қазір оны өңдеп, экспорттауды қолға алған. Балықтың сұрпы еттерін жеке алады, табаннан фарш дайындайды, тағысын тағы. Өнімнің көбін көршілес елдерге жолдайды. Кәсіпорын мамандарының сөзіне сенсек, күніне 2 тонна балық өндіруге мүмкіндіктері бар екен. Ал табан балығының 3 тоннасын өңдеп жіберуге қауқарлы.

Жаңыл Мейрамбекова, «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативінің цех қызметкері:

Жұмыс сағ 8 де басталады. Жұмысқа келгенде 3 тонна балық беріледі. Сол балықты кешке дейін өңдеп, дайындап беруіміз керек. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Тек қана көксерке балығы емес, табан, дайын өнімнен фарш жасаймыз, бабочка жасаймыз. Әртүрлі балықтан дайын өнім шығарамыз.

Мамандар биылдан бастап, тұтынушылар арасында сұранысқа ие жаңа бағытты қолға алған. Ол - балықты кептіріп, ыстау. Бұл үшін арнайы жеке цех ашқан.

Ләззат Ипекова, «Зайсан балықшылары» өндірістік кооперативінің құрылтайшысы:

Міне тұздалып жатқан балық. Бұл лещ. Беске бір кг тұз саламыз. 300 келіге 150 кг тұз саламыз.

Өндірістің ең үлкен ерекшелігі – өнімді қалдықсыз өңдейді. Балықтың қалған-құтқанын шағын цехқа жіберіп, балық ұнын жасайды. Ол ұнды төрт түлік малға жемге қоспа ретінде пайдаланады.


Қымбат Иманғалиева