Облыс орталығында жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын түсіндіруге арналған көшпелі семинар өтті. Шара Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде ұйымдастырылды. Жиынға Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов пен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.

Ауқымды семинарға облыс кәсіпкерлері, бухгалтерлер, қаржыгерлер, мемлекеттік орган өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары және студенттер жиналды. Шараның басты мақсаты – бизнес субъектілеріне және қарапайым азаматтарға салық кодексіндегі жаңалықтарды кеңінен түсіндіру. Сонымен қатар, олардың сұрақтарына тікелей жауап беріп, мемлекеттің салық саясатының ашық әрі әділ екенін көрсету. Семинарда жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, сондай-ақ мүлік және жер салығы сынды негізгі бағыттар кеңінен қамтылды. Бұрын мүлікті сатып алғаннан кейін бір жыл ішінде сатқан жағдайда табыстан салық алынатын болса, енді бұл мерзім екі жылдан үш жылға дейін ұзартылды.

Айнара Муликова, кәсіпорын бухгалтері:

Жеке кәсіпкер ретінде айтатын болсам, бұрынғыдай қандай режимді таңдауға ыңғайсыздық тудырмайды жаңа кодексі. Ал мен өзім жағынан келетін болсам, бухгалтер ретінде келетін болсам маған өте ыңғайлы.Себебі, мен уақыт жағынан да, тексеріс жағынан да көптеген уақыт жағынан ұтамын. Өйткені жаңа режим, арнайы салық режимі жетіден үшке дейін төмендетілген деп айттым.

Әлеуметтік салыққа да қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Енді жеке кәсіпкерлер үшін біріңғай мөлшерлеме белгіленіп, әр қызмет түріне қарай төлем тәртібі оңтайландырылады. Мысалы, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мен шағын кәсіпкерлер үшін салық жүктемесі төмендетіліп отыр. Ал мүлік салығы бойынша тұрғын үйлер мен басқа да жылжымайтын мүлік нысандарының салықтық базасы енді бухгалтерлік есептің орташа баланстық құнына қарай анықталатын болды.

Жәнібек Нұржанов, ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары:

Бүгінгі семинарда қосылған құн салығының 16 пайыздық мөлшерлемесін енгізу, прогрессивті шкала мен жеке табыс салығы бойынша сұрақтар қойылды. Тұрғындар 3 миллион теңгелік шек туралы, ол қайта қаралуы мүмкін бе деген сұрақтарды қойып жатыр. Арнайы салық режимдері мен жалпы белгіленген тәртіп арасыдағы айырмашылықтар, сондай-ақ әлеуметтік сала – білім, медицина бойынша да сұрақтар болды.

Семинар ерекшелігі – тек ақпарат беру емес, сонымен қатар әр қатысушы өз сұрағын тікелей сала мамандарына қойып нақты жауабын алды. Камералық бақылау, салықтық тексерулер мен берешекті кейінге қалдыру тәртібі секілді күрделі мәселелер де ашық талқыланды. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта салық органдарының басты бағыты – жазалау емес, кеңес беру мен түсіндіру болады.

Елена Лукаш, салық кеңесшісі:

Іс-шара өте мазмұнды өтті. Салық кодексінің әзірлеушілерінен тікелей ақпарат алу – біз үшін маңызды. Көптеген сұрақтарға нақты жауап алдық. Кей баптарды бірден түсіну қиын, бүгін бәрі егжей-тегжейлі түсіндірілді. Енді жаңа кодекске дайындықты сенімді түрде бастай аламыз.

Мұндай форматтағы ашық диалог алаңдары – қоғам мен мемлекетті жақындастырып, салық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл халықпен серіктестікке негізделген жаңа кезеңнің бастамасы. Алдағы уақытта семинар еліміздің өзге аймақтарында да жалғасады.


Талант Тұрсынов