«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында «Алтайдан Оралға дейін» республикалық велошеруі облыс орталығынан басталды. Шараға 236 велошабандоз және 200 колледж студенті қатысты. Бастама аясында елдің сегіз өңірін қамту жоспарланған.

Велошерудің салтанатты ашылу рәсімі Өскемендегі Тәуелсіздік монументінде өтті. Шараны ҚР Оқу-ағарту, Туризм және спорт министрліктері ұйымдастырды. ШҚО әкімдігі ауқымды бастамаға қолдау көрсетті. Велошеруге қатысушылар Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар облыстары мен Астана қаласына және Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарына табан тірейді.

Бұл велошеру – бірліктің, қозғалыстың, жігер мен салауатты өмір салтының символы, дейді қатысушылар.

Республикалық велошеру — жұмысшы мамандықтарының маңызын, қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған ауқымды шара. Мұндай бастамалар еңбектің қадірін көрсетіп, техникалық және өндірістік салаларға жастардың қызығушылығын оятуға бағытталған.