«Өскемен әуежайы» АҚ-ның бұрынғы Президенті мен өзге де лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу аяқталды. Олар 5 жыл бойы еңбекақыны негізсіз көбейту, жалған сыйақылар мен жалған шарттар жасау арқылы жүйелі түрде ақша жымқырған. Сонымен қатар коммерциялық нысандар жеңілдетілген шарттармен жалға берілгені де анықталды. Оған қоса әуежайға тиесілі көлік құралдары бухгалтерлік есептен шығарылып, нарықтағы құнынан бірнеше есе арзанға сатылған.

Осылайша, әуежайды басқарған лауазымды тұлғалар мемлекетке 157 миллион теңге залал келтірген. Олар қылмыстық жолмен жымқырған қаржыны кейін касса арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған. Сот санкциясымен күдіктілердің 126 миллион теңге сомасындағы мүлкіне тыйым салынды.

Бақытбек Құлжанбеков, ШҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

ШҚО бойынша ЭТТД Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен «Өскемен әуежайы» АҚ басшылығына қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану, аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру фактілері бойынша тергеуді аяқтады. Негізгі мемлекетке келтірілген залал жалпы 157 млн теңгені құрады.

Қазіргі таңда күдіктілер қамауға алынған. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.


Кәусар Идаятқызы