Облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында жаңа технология көмегімен алғашқы әдеби кеш өтті. Ұйымдастырылыған шарада жақында ғана орнатылған LED-экран қолданылды. Бұл заманауи құрылғы «Казцинк» компаниясының қолдауымен кітапханаға сыйға тартылған. Жаңа мультимедиалық жабдық мұндай бағдарламалық шаралардың тиімділігін арттырады.
«Жазушының әдеби әлемі» атты шара аясында қатысушылар қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қалихан Ысқақтың шығармашылық мұрасымен танысты. Әдеби кештің басты ерекшелігі – заманауи цифрлық технологиялардың қолданылуы. LED-экран арқылы көркем туындылардың мазмұны кеңейтіліп, көрнекі түрде ұсынылды. Бұл – зағип және көзі нашар көретін жандар үшін ақпаратты қабылдауды едәуір жеңілдете түседі.
Елена Деметьева, облыстық зағиптар мен көзі нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасының бөлім меңгерушісі:
Шарада «Казцинк» компаниясы сыйға тартқан жаңа LED-экранды қолдандық. Бұл құрылғы зағип және көзі нашар көретін оқырмандарға ақпаратты үлкен көлемдегі қаріппен, жоғары контрасттағы жарық арқылы көруге мүмкіндік береді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік.
Кітапхана ұжымы осындай жаңашыл жобалардың инклюзивті мәдени орта қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті. Жаңа технологиялар мәдени шараларды қолжетімді етіп қана қоймай, олардың сапасын да арттырып отыр.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Бұл жобаның мақсаты – әр адамға тең мүмкіндік беру. Ақпаратқа қол жеткізу – кез келген адамның басты қажеттілігі. LED-экран арқылы мәтіндер ірі қаріппен, жарқын түспен ұсынылады. Бұл – зағип жандар үшін жаңа мүмкіндіктер деп есептеймін.
Бұл LED-экран «Казцинк» компаниясының кітапханаға жасаған алғашқы көмегі емес. Өткен жылы өндіріс орны «Брайль» қарпінде кітап басып шығаратын заманауи құрал-жабдық пен арнайы балалар бұрышына арналған оқыту материалдарын да сыйға тартқан еді.
ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ