Аймақ басшысы облыстық қоғамдық кеңес мүшелерімен ашық кездесу өткізді. Басқосуда өңірдегі өзекті мәселелер талқыланып, аймақтың дамуына қатысты жоба-жоспарлар, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды.

Бұдан бөлек, кездесуде өңір тұрғындарының көкейінде жүрген өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Аяужан Әшімова, Облыстық Қоғамдық кеңестің төрайымы:

Мысалы Тарбағатай ауданы отбасы институтын сақтау, ұрпақ тәрбиесіне байланысты көптеген мәселелерді көтеріп, жас отбасыларға қолдау көрсететін жобаларды қолға алуымызды ұсынып отыр. Бұл салада облыстық отбасы демографиялық және әйелдер істері жөніндегі комиссиямен бірлесе бірқатар шараларды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар шекарадағы аудандарымыз шекарадағы аудандарды дамытуға қатысты қандай да бір шаралар қажет екендігін көтеріп отыр. Бұл жөнінде де өз ұсынымдарымызды біз жолдадық.

Жиында облыстық қоғамдық кеңес төрайымы Аяужан Әшімова атқарылған жұмысқа тоқталса, кеңес мүшесі Ольга Кузовлева мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы жайында сөз қозғады.

Ольга Кузовлева, Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

Биыл жұмысшы мамандықтар жылы. Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолжетімді болуы аса маңызды. Себебі олар – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары азаматтар. Оларға тең мүмкіндік жасау – бұл тек әлеуметтік әділеттілік қана емес, сонымен қатар қоғамның дамуына қосылған зор үлес. Еліміздегі колледждерде мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмысшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Дегенмен, біздің өңірде дәл осы санаттағы азаматтарға арналған бірде-бір мамандандырылған колледж жоқ. Есіңізде болса, біз осы жобамен сізге келген едік, сіз бұл мәселені бақылауға алуды Нұрғалиевке тапсырдыңыз. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл шаруа шешімін тапқан жоқ.

Ал, экологиялық комитет жетекшісі Геннадий Корешков өңірдің экологиясын жақсарту үшін барлық тараптың күшін біріктіру қажеттігін айтты. Өскемен қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Асқар Нұрғазиевте экология мәселесін көтерді. Ол қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу қажеттігін және қоқыс шығару жүйесін жетілдіруді ұсынды.

Асқар Нұрғазиев, Өскемен қ. Қоғамдық кеңесінің төрағасы:

Мәселен, қоқыс жәшіктерінің маңында қай компания қызмет көрсететіні және қашан келетіндігі туралы ақпарат жоқ. Қоғамдық кеңестер мен әкімдік арасындағы кері байланысты нығайтатын тұрақты тетіктер қажет.

Бүгінде кеңестің құрамында үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері, саяси партиялар мен бизнес өкілдері, медицина саласының мамандары бар. Риддер қаласынан келген кеңес мүшесі Елена Агешкина тұрғындардан келіп түсетін шағымдарды жүйелі түрде қарау және халықпен тығыз жұмыс істеу қажеттігін атап өтті. Ал, кеңес мүшесі Зарина Камасова отбасылық институтты сақтау, ажырасу мен түсік санын азайту қажеттігін алға тартты.

Зарина Камасова, Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі:

Бүгінде еліміз ажырасу көрсеткіші бойынша алдыңғы қатарда тұр. Жарты жылдың ішінде ажырасулардың 62 пайызы тіркелген. Демек, жастармен, жас отбасылармен жүргізілетін жұмыс — бұл баршамызға ортақ қоғамдық міндет. Осы бағытта жан-жақты ойланып, жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет. Қазір некені тіркеу де, ажырасу да бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл. Бәрі Kaspi қосымшасы арқылы жүзеге аса береді. Меніңше, бұл мәселені қайта қарастырып, депутаттық корпусқа жаңа көзқараспен ұсынуымыз қажет. Бұл – қоғам болып қолға алатын үлкен жұмыс.

Жиында аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Қоғамдық кеңес мүшелерінің белсенді жұмысы үшін алғысын білдірді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қоғамдық кеңес билік пен халық арасындағы алтын көпір деп айта аламыз. Сондай – ақ сіздердің әрбір бастамаларыңыз көз қарастарыңыз біз үшін аса маңызды екенін тағы да қайталап айтамын. Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым осы азаматтық қоғамды дамыту еліміз үшін басым бағыттардың бірі екендігін атап өтіп отырады. Халық үніне құлақ асатын мемлекет бұл әділетті қоғам құру жолындағы өзара ынтымақтастықтың шешуші рөлін атқарып отырғанын барлығымыз білеміз.

Кездесуде әкім әрбір ұсынысты мұқият тыңдап, бірнеше сауалға бірден жауап берді. Ал күрделі мәселелер тиісті басқарма басшылары мен әкімдік өкілдеріне тапсырылып, жедел шешім қабылданатын болды.


ГҮЛДАНА АЙДАРҚЫЗЫ