Өңірде 2021–2030 жылдарға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл бағдарлама Үкімет қаулысымен бекітілген. Облыста кәсіби балық аулаумен және өңдеумен айналысатын 16 кәсіпорын бар. Олар Зайсан көлі мен Бұқтырма су қоймасына қарасты мекемелер. Саладағы жетістіктер жайында арнайы дайындалған сюжеттен көріңіздер.

Қазақстанда соңғы жылдары аквамәдениет – болашағы зор сала ретінде үлкен назарға алынып отыр. Бұл игілікті кәсіп ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті.

Мерхат Әмiров, Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

Балық шаруашылығы өндірісі бағдарламасына сәйкес біз 2030 жылға дейін 9774 тонна тауарлы балық өсіруіміз қажет. Бұл жоспарды сол жылға орындаймыз деп есептейміз. Себебі, бізде алдыңғы жылы сол жоспардың барлығы толығымен орындалған. Былтыр 2000 тонна балық өсіру керек болғанбыз, сол жоспарды 100 пайыз орындадық. Биылғы жоспар 2300 тонна балық өсіру.

Балық өсіру процесі шабақтар цехынан басталады. Бұл – тіршіліктің бастау алатын ең маңызды кезеңі. Мұнда әрбір шабаққа ерекше күтім мен назар аударылады. Судың тазалығы, оттегі мөлшері, шабақтардың тығыздығы және қоректендіру жүйесі біркелкі реттеледі. Су айналымы тәулік бойы бақыланады. Мұндағы ағын көлемі мен жылдамдығы тығыздығына қарай есептеледі. Сонымен қатар, шабақтардың физиологиялық жағдайы да тұрақты түрде қадағаланады.

Людмила Кушникова, ихтиолог-балық өсіруші:

Алдарыңызда инкубациялық аппараттар. Бұлар көлденең типте жасалып, форельдің дернәсілдерін инкубациялау үшін арнайы әзірленген. Біз уылдырықты Еуропадан сатып аламыз. Дания, Польша, Испания, тіпті Америкадан да келеді. Температураны күнделікті бақылап отырамыз. Мұнда температура қалыпты жағдайда 8-9 градус болуы керек. Егер температура төмен болса, дамуы баяулайды.

Шабақтар баяу әрі ең алғашқы кезеңнен өткен соң, форель фермасына жіберіледі. Бүгінде форель – ең тиімді әрі сұранысқа ие өнеркәсіп. Бұл жұмыстың басты ерекшелігі – осы салада қызмет ететін мамандардың қажырлы еңбегінде. Мұндағы қызметкерлер үшін аквамәдениет жай ғана бизнес емес.

Вячеслав Асанов, форель фермасының басшысы:

Уылдырықтан бастап тауарлық балыққа дейін – үш жыл уақыт кетеді. Әрине, бұл жерде өз құпияларымыз бар. Қыста торларды ыңғайлы аумақтарға, ал жазда – оттегі көбірек болатын жерлерге орналастырамыз. Себебі жазда, белсенді тамақтану кезінде, балық көп оттегі тұтынады.

Бұдан бөлек, өңірде су айдындарына уылдырық шашу процессі де тоқтап қалған жоқ. Биыл су айдындарына 44 млн. астам шабақ жіберілген. Соңғы бес жылда бұл көлем 2,5 есеге артқан. Нақты айтқанда 18,3 миллионнан 44,6 млн. данаға дейін. Осылайша, өңірде балық өсіру, қайта өңдеу және қалпына келтіру ісімен айналысатын тұрақты кластер қалыптасып келеді. Бұл бастамаға мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлесе жұмыс істеуі оң нәтиже беруде.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ