Аймақта балалар лагерьлері мен демалыс орындарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. ТЖД мамандары бұл аумақтарда рейдтік шараларды ұйымдастырып келеді. Бастама аясында ережені елемегендер анықталып жауапкершілікке тартылуда. Бұдан бөлек, өңірдегі қауіпті аумақтар белгіленуде.

Өңірде он бір балалар лагері тіркеуде тұр. Оның ішінде жетеуі мемлекеттік, ал қалған төртеуі жеке тұлғалардың меншігінде. Оған қоса, 270 мектеп жанындағы демалыс орындары бар. Бұл нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сай жасақталғанын анықтау мақсатында тексеру жұмыстары ұйымдастырылған. Мамандар төтенше жағдай туындауы мүмкін аумақтарды да анықтаған көрінеді.

Нұржан Өміржанов, облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

ТЖД аумақтық бөлімшелері өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылаудағы объектілердің тізбесіне сәйкес 238 туристік базалар мен демалыс үйлері біздің облыста шоғырланған. Енді, бұл туристік базалардың отыз тоғыз нысаны жоғарғы тәуекел дәрежесіне жататын болса, қалған 199 орташа тәуекел дәрежесіне жатады.

Облыстық ТЖД демалыс орындарына қатысты бекітілген талап барын әрі оны қатаң сақтау қажеттігін, кәсіпкерлер мен нысан иелеріне ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін айтады. Мамандар қолдануға тыйым салынатын қондырғылар тізімін де ұсынған.

Нұржан Өміржанов, облыстық ТЖД Мемлекеттік Өрт бақылау басқармасының бастығы:

Жазғы кезеңде балалар орналасқан үй-жайларда пештерді жағуға, керосинді және электрожылыту аспаптарын қолдануға тыйым салынады.

Биыл аймақтағы демалыс орындарында оқыс оқиға тіркелмеген.


Талант Тұрсынов