Катонқарағай ауданында жаңадан салынып жатқан әуежай құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмысқа жалданған мердігер мекемелер негізгі күшті ұшу-қону жолағына жұмылдырған. Бұл аумақ 5 метрге дейін тереңдетіліп қазылды. Арнайы техникалар қазір сол тереңдікті толтырып, іргетасын қалап жатыр. Жақында әуежай терминалы мен қоймалардың құрылысы басталады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатқан стратегиялық нысан жоспар бойынша 2026-жылдың соңында пайдалануға беріледі. Әуежай ашылған соң өңірге келетін туристердің саны қазіргіден бірнеше есеге артады деген болжам бар. Ал әуежай құрылысына негізінен жергілікті тұрғындар тартылған.

Қанат Әбдірахманов, ауыр көлік жүргізушісі:

Мұның алдында сыртта жұмыс істегеміз. Әуежай ашылғалы үйдің қасынан, үйден кіріп шығып. Өрнек ауылында 30 адамдай жұмыс істейміз. Қол жұмысы бар. Жүргізушісі бар. Арнайы техника айдайтын жігіттер бар.

Нұржан Ескендіров, мердігер мекеме өкілі:

Жердің батпақты қабатын алып, орнына қиыршық тасты топырақ салып жатырмыз. Бұл ұшу-қону жолағы болғандықтан табаны өте мықты болуы керек. Тереңдігі 5 метрден артық. Ұзындығы-700, енді-500 метр болады.