Киім тігуді жанына серік еткен мамандар көп. Бірақ тігін машиналарды жөндейтін нәзік жандылар некен-саяқ. Галина Волошина – техниканы тек кәсіби міндет емес, өмірінің мағынасы деп білетін жан. 1968 жылдан бері оның қолынан талай күрделі құрылғы қайта жаңғырып, жұмысқа жараған. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы ол тігін машиналарының мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді.
Галина Волошина – тігін өндірісіндегі нағыз шебер. Істен шыққан жабдықты жөндеу оның күнделікті жұмысы. Тәжірибелі маман ақауды дөп басып анықтайды, механизмді мұқият бөлшектеп, қайта қалпына келтіреді.
Галина Волошина, тігін машинасын жөндеу шебері:
Егер жұмысыңды шын сүймесең, жан-тәніңді салмасаң, одан нәтиже шықпайды. Механизмді де жақсы көру керек. Балаларыңды қалай еркелетсең, кейде оны да солай еркелетіп отырамын.
Әріптестері Галина Волошинаны әзілдеп «өндірістің жүрегі» дейді. Себебі, бұл шеберсіз жұмыс тоқтап қалады.
Гүлмира Ауғанбаева, тігінші:
Бұл кісінің еңбегі – өлшеусіз. Ол – өз ісінің нағыз маманы. Машина істемей қалса, біз де тіге алмаймыз. Кейде жіп үзіледі, ине сынады дегендей. Ондайда бірден Галина Алексеевнаға жүгінеміз – ол бәрін жылдам әрі тиянақты жөндеп береді.
Бүгінде Галина Волошина – тек тігін машинасын жөндеу шебері ғана емес, сонымен қатар техникалық бөлімге жетекшілік етеді. Оның кәсіби шеберлігінің арқасында өндіріс бір сәтке де тоқтамайды.
Әлия Адамова, тігін фабрикасының директоры:
Біздің жұмыс – толықтай техникаға тәуелді. Бір жабдық бұзылса, бүкіл процесс тұралап қалады. Галина Алексеевнаның орны бөлек. Қазір ол – біз үшін ең қажетті, ең сенімді адам.
Галина Алексеевна қызмет барысында өз ісінің хас шебері екенін талай мәрте дәлелдеді. Оның «алтын қолы», дәлдігі мен сабырлығы кез келген күрделі істі еңсеруге мүмкіндік берді. Жұмысына деген шынайы махаббаты – әр ісінен, әр қимылынан байқалады.
Қымбат Иманғалиева