Облыста биыл бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджетке түскен салық түсімі 206 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172,6 пайызға артық. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті өкілдері мәлімдеді.

2025 жылдың алғашқы алты айында Шығыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік бюджетке 206 миллиард теңге түскен. Оның 111,4 млрд. – жергілікті, ал 94,6 млрд. – республикалық бюджетке бағытталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86,7 млрд. теңгеге артқан.

Сайранқан Қабыш, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары:

Соңғы жылдары салық саясаты мен салықтық әкімшілендіру саласында, әсіресе цифрлық жаңашылдықтар мен ақпараттық технологияларды қолдану бағытында елеулі қадамдар жасалып, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Салықтық тексерулердің бір түрі- тәуекел дәрежесіне негізделген мерзімді тексерулер. Салық есептілігін, уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтерін, сондай-ақ салық төлеушілердің қызметі бойынша ресми және ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтерді талдау нәтижелері бойынша салық төлеушілерге қатысты салық органдары тағайындайтын тексерулер тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді салықтық тексерулер болып табылады. Уәкілетті органның шешімімен бекітілген жартыжылдық кесте, тәуекел дәрежесін бағалау негізінде мерзімді салықтық тексерулерді тағайындау үшін негіз болып табылады. Уәкілетті орган интернет-ресурста тексерулер жүргізудің жартыжылдық жиынтық кестесін тексерулер жүргізу жылдың алдындағы жылдың 25 желтоқсанына дейінгі және ағымдағы күнтізбелік жылдың 25 мамырына дейінгі мерзімде орналастырады.

Уәкілетті орган тәуекел дәрежесіне қарай салық төлеушілерді мерзімді тексеруден өткізеді. Биыл жыл басынан бері аймақта осындай 18 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде бюджетке қосымша 859 млн. теңгеден астам салық өндірілген. Мамандар салық төлеушілерге тексеру басталғанға дейін бұзушылықтарды өз еркімен түзетуге кеңес береді. Бұл – айыппұлдан құтылудың бірден-бір жолы.

Сайранқан Қабыш, ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары:

Биылғы жылы 8 шілдедегі жағдай бойынша облыс бойынша 10 175 камералдық бақылау хабарламасы жолданған, жалпы бұзушылық сомасы 332,1 млрд теңге. Оның ішінде 2 787 хабарлама орындалған, салықтар сомасы 7,5 млрд теңге. Салықтар бойынша берешек өндіріп алу сатысында 2,8 млрд теңге (банкрот деп танылғандарды есепке алмағанда). 737 хабарлама орындалмаған, олардың шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтатылған. Орындау мерзімі келмеген, яғни ерікті түрде орындау мерзімі жүріп жатқан 6 651 хабарламалар.

Жыл басынан бері 10 мыңнан астам камералдық бақылау хабарламасы жолданып, 7,5 млрд.теңге көлемінде салық ерікті түрде өндірілген. Камералдық бақылау — салық есептілігіндегі қателерді айыппұлсыз түзетуге мүмкіндік береді. Шілдеден бастап мұндай хабарламалар бойынша түсіндірмелерді жаңа салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі арқылы ғана жолдауға болады.


НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ