Өңірде тұрғындарды жылу және ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс орталығы мен шалғай ауылдарда ескі желілер жаңартылып, жылу қазандықтары ретке келтіріліп жатыр. Жоспарланған бастамалар кестеге сай іске асырылуда дейді, мамандар.

Биыл облыста су жүйелерін ретке келтіруге бағытталған 28 жоба іске асырылуда. Жобаның жалпы құны 38 млрд.теңгеден астам. Бүгінгі таңда жоспарлы жұмыстың он екісі аяқталып, 213 шақырым су құбыры тартылды. Өңірдің басым бөлігі, дәлірек айтсақ 99,4 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл республика бойынша жоғарғы көрсеткіш.

Рауан Турусбек, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

213 шақырым су құбыры желілері салынды және қайта жаңартылды. Бұл 3,4 адамның ауыз суға қол жеткізуін және желілердің тозуын 49 пайызға төмендеуіне мүмкіндік береді.

Аймақта тұрғындарды жылумен қамту жұмыстары да жүйелі түрде іске асырылуда. Өңірдегі орталықтандырылған және дербес 224 қазандықтың 59 пайызы алдағы маусымға сақадай сай. Жылу желілерінің тозуы 55 пайыз. Биыл 57 шақырымнан астам желіні ретке келтіру көзделген. Қазіргі таңда оның 18,6 шақырымы жаңартылды. Облыс орталығындағы жұмыстардан бөлек, шалғай аудандардағы  жағдай да назарда. Мәселен, Күршім, Ұлан және Глубокое аудандарында да қазандықтар мен жылу желілері жаңартылып жатыр.

Рауан Турусбек, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

Шығыс Қазақстан облысында жылумен жабдықтауды үш жылу электро орталықтары, 33 орталықтандырылған және 191 дербес қазандық жүзеге асырады. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1017 шықырым.

Тұрғындарды қажетті көмір қорымен қамту жұмыстары да қатаң бақылауда. Алдағы маусымға мамандар үш миллион тонна көмір қажет деп отыр. Оны жеткізу жұмыстары басталып кетті. Қазіргі таңда 37 мың тонна жеткізілген.


Талант Тұрсынов