Джиу-джитсу жапондардың дәстүрлі ұлттық күресі. Бұл спорт түрі шабуыл жасаған қарсыласқа қара күшті қолданбай, оның бағытын өзгертіп, тепе-теңдік қалпынан айыруды көздейді. Өңірде джиу-джитсу қарқынды дамып келеді. Ал оған қызығушылық танытқан жастардың қатары жылдан-жылға артып келеді.
Бүгінде аймақта джиу-джитсудың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген азаматтардың бірі – Солтан Ахметов. Ол облыс орталығындағы жастарға аталған спорт түрінің қыр-сырын үйретіп келеді.
Солтан Ахметов, жаттықтырушы:
Биыл Өскеменде алғаш рет джиу-джитсу турнирін өткіздік. Жарысқа 4 елден спортшылар қатысты. Жалпы саны 16 тартысты жекпе-жек өтті. Көрермендер саны 1200 адамға жетті. Бұл өңірімізде спорттың дамып келе жатқанын көрсетеді. Жыл соңына қарай тағы бір халықаралық турнир өткізуді жоспарлап отырмыз.
Джиу-джитсу спортының қыр-сырын меңгеріп жүрген жас спортшылардың бірі - Жасұлан Берікқазин. Оны бұл спортқа ағасы алып келген.
Жасұлан Берікқазин, жас спортшы:
Қазіргі уақытта мен джиу-джитсумен үш жыл айналысамын. 2025 жылдың ҚР чемпионатының күміс жүлдегері болдым. Мен осы спорт арқылы тренерлік қызметпен айналысамын деген үміттемін.
Джиу-джитсу соңғы уақытта қаракөз қыздардың сүйікті спортына айналып келеді. Бұл күрес тәсілі нәзік жандылардың тек физикалық емес, рухани шыдамдылығын да шыңдайды. Солардың бірі - Адель Кенжебаева.
Адель Кенжебаева, жас спортшы:
Мен джиу-джитсудан спорт шеберлігіне үміткермін. Бұл спорт түрімен екі жылдан бері айналысып келемін. Джиу-джитсуды таңдаған себебім - ол менің ішкі мықты қасиеттерімді дамытады. Әртүрлі жарыстарда жеңіске жетіп жүрмін, ал ең үлкен жетістігім – Қазақстан чемпионатының финалисі атануым. Қазіргі таңда мен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесімін. Азия ойындарына іріктеуден өттім, Әлем чемпионатына жолдама алдым.
Қазақстандық спортшылар әлемдік аренада жоғарғы деңгейде өнер көрсетіп келеді. Ал шығыстағы спортшылар әлі талай шыңды бағындырамыз деп отыр. Мақсатқа жету үшін тынбай еңбек етіп келеді.
Кәусар Идаятқызы